
Құмкент ауылында елге еңбегімен еленіп, халқына адал қызмет еткен қос бірдей азамат – «Парасат» және ІІІ дәрежелі «Барыс» ордендерінің иегері Қайрат Шерәліұлы Беркінбаев пен ІІ дәрежелі «Айбын» орденінің иегері, полиция аға лейтенанты Тайыр Шералиевті еске алуға арналған «Қос асылдың ізі» атты волейболдан республикалық турнир өтуде.
Тағылым мен тартысты ұштастырған игі шараға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев арнайы қатысты. Қатысушылар мен қонақтарды құттықтап, елдің дамуы жолында аянбай еңбек еткен, туған жердің мерейін өсірген азаматтардың жарқын бейнесі әрдайым ұрпақ жадында сақталатынын атап өтті.
Сонымен қатар, аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков Теріскейден түлеп ұшқан қос тұлғаның өмір жолына тоқталып, олардың туған жерге деген сүйіспеншілігі мен ел игілігі үшін атқарған өнегелі істері кейінгі буынға үлгі екенін жеткізді.
Жиында облыстық мәслихат депутаты Дулат Әбіш, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қабылбек Еспенбетов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, марқұм Қайрат Беркінбаевтың жары Ләйлә Сұлтанқызы және туған-туыстары естеліктерімен бөлісті. Қос азаматтың адамгершілік болмысы мен елге сіңірген еңбектерін тебірене әңгімеледі.
Республикалық турнирге әр өңірінен келген 9 команда қатысып, спортшылар салауатты өмір салтының жарқын үлгісін көрсетуде.
Қайрат Шераліұлы Беркінбаев – мемлекет және қоғам қайраткері, көптеген әлеуметтік жобалардың бастамашысы болды. Туған өлкесін де назардан тыс қалдырмай, Қызылкөл елді мекенінде М.Әуезов атындағы шағын жинақты мектептің жаңа ғимаратын салдырып, «Қайрат» бөбекжай-балабақшасын ел игілігіне пайдалануға берген болатын.
Ал Тайыр Шералиев қызметтік борышын адал атқару жолында ерлікпен қаза тапқан батыр полицей ретінде ел жадында қалды. Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес барысында көрсеткен ерлігі үшін Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталған.
Турнир аясында Қайрат Беркінбаевтың туған жерге тартуы болған «Қайрат» бөбекжай-балабақшасында танымдық іс-шаралар ұйымдастырылып, шара қонақтары Қызылкөл ауылындағы Қайрат Шераліұлының бастамасымен салынған Мұхтар Әуезов атындағы білім ордасының жұмысымен танысты.
«Қос асылдың ізі» турнирі – тек спорттық бәсеке емес, ерлік пен азаматтықтың мәнін ұғындыратын, жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелейтін тағылымды шара екенін де айта кеткен жөн.



