Алматы қаласының мемлекеттік мектептерінің 1-сыныбына 2026–2027 оқу жылына балаларды қабылдау қалай жүзеге асырылады?
Алматы қаласының мемлекеттік мектептерінде балаларды 2026–2027 оқу жылына 1-сыныпқа қабылдау үшін құжаттарды қабылдау 2026 жылғы 10 маусым мен 31 тамыз аралығында жүзеге асырылады. Өтінішті OQU Ұлттық білім беру платформасы (https://oqu.edu.kz) немесе egov.kz электрондық үкімет порталы арқылы, сондай-ақ тікелей білім беру ұйымына барып, қағаз форматында беруге болады. 2026–2027 оқу жылында 1-сыныпқа қабылдауды Алматы қаласының 214 мемлекеттік мектебі жүргізеді. №10, 15, 17 мектеп-интернаттары қабылдауды жолдамалар бойынша қағаз форматында жүзеге асырады. Қабылдау «3-те 1» принципі бойынша жүргізіледі: мектептің қызмет көрсету аумағында тұратын балаларға арналған әрбір 3 орынға шағын ауданнан тыс жерден түсетін балалар үшін 1 орын қарастырылған. Мектептің қызмет көрсету аумағында (шағын ауданда) тұратын балалардың қабылдануға басым құқығы бар. Сонымен қатар, ата-аналар (заңды өкілдер) бос орындар болған жағдайда кез келген мемлекеттік білім беру ұйымына өтініш беруге құқылы. Өтініш беру үшін заңды өкілдің тұрғылықты жері бойынша тұрақты немесе уақытша тіркеуі болуы қажет. Тұрғылықты мекенжайды растау мемлекеттік ақпараттық жүйелер арқылы жүзеге асырылады. 1-сыныпқа қабылдау үшін келесі құжаттар өткізіледі: баланың 3×4 фотосуреті; профилактикалық егу картасы (№ 065/е нысаны); баланың денсаулық паспорты (№ 052-2/е нысаны); ПМПК (психологиялық-медициналық-педагогикалық консультация) қорытындысы — ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін. Мектепалды даярлықтан (0-сынып) өткен білім алушылар ата-аналарының (заңды өкілдерінің) өтініші негізінде 1-сыныпқа қабылдана алады. Өтінішті қарау мерзімі 1 жұмыс күнін құрайды. Құжаттарды қабылдау мәселелері бойынша ата-аналар білім беру ұйымына немесе тұрғылықты жері бойынша аудандық білім бөліміне хабарласа алады.