
Құрметті аяулы аналар, ардақты қыз-келіншектер!
Сіздерді көктемнің шуақты мерекесі – 8 наурыз Халықаралық әйелдер күнімен шын жүректен құттықтаймын! Әйел – өмірдің бастауы, отбасының ұйытқысы, ұлт тәрбиесінің алтын діңгегі. Қазақ халқы қашанда ананы ардақтап, әйелді құрмет тұтқан. Тарихымызда ел бірлігі мен ұрпақ тәрбиесіне үлес қосқан Домалақ ана, Айғаным, Бопай ханым сияқты дана аналардың өнегелі жолы бүгінгі ұрпаққа үлгі болып келеді.
Бүгінде ауданымыздың қоғамдық өмірінде әйелдердің орны ерекше. Сіздер білім беру, медицина, мәдениет, кәсіпкерлік, мемлекеттік қызмет және қоғамдық жұмыстарда белсенділік танытып, ел дамуына лайықты үлес қосып келесіздер. Отбасында мейірімді ана, ақылшы жар болсаңыздар, қоғамда жауапкершілігі жоғары азамат ретінде ел игілігі жолында еңбек етіп жүрсіздер.
Мемлекетімізде әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейтуге ерекше мән беріліп келеді. Жаңа Конституциямызда да отбасы құндылықтары, ер мен әйелдің теңдігі, әр азаматтың құқығы мен қадір-қасиетін қорғау қағидаттары айқын көрініс тапқан. Бұл – қоғамдағы әділдік пен үйлесімділіктің, тұрақтылық пен дамудың берік негізі.
Қадірлі аналар мен қыз-келіншектер! Сіздерге зор денсаулық, отбасы амандығын, бақыт пен береке тілеймін. Әр шаңырақта қуаныш пен шаттық орнап, еңбектеріңіз әрдайым ел игілігіне қызмет ете берсін!