
Батыс Қазақстан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университеті алаңында өткен бос жұмыс орындары жәрмеңкесіне қатысты. Іс-шара түлектерді жұмысқа орналастыруға жәрдемдесу және олардың кәсіби бағдарын айқындау мақсатында ұйымдастырылды.
Жәрмеңке барысында департамент өкілдері студенттерге түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, қызметке қабылдау талаптары, іріктеу тәртібі, сондай-ақ экономикалық тергеп-тексеру қызметіндегі (ЭТҚ) жұмыс ерекшеліктері туралы баяндады.
Атап айтқанда, конкурс рәсімдерінен өту, қажетті құзыреттер мен мансаптық өсу мүмкіндіктері мәселелеріне ерекше назар аударылды. Түлектер өздерін қызықтырған сұрақтарға жан-жақты жауап алып, мемлекеттік қызметке орналасуға дайындалу бойынша практикалық ұсыныстар алды.
Департаменттің мұндай іс-шараларға қатысуы білім беру ұйымдарымен өзара іс-қимылды нығайтып, өңірдің жас мамандары қатарынан кадрлық резерв қалыптастыруға ықпал етеді.