
2026 жылғы 10–12 маусым аралығында Астана қаласындағы «EXPO» халықаралық көрме орталығында Automechanika Astana 2026 халықаралық көрмесі өтеді. Бұл Орталық Азиядағы автокомпоненттер, техникалық қызмет көрсету станцияларына арналған жабдықтар, сервистік және логистикалық шешімдер, майлар, техникалық сұйықтықтар мен автохимия саласындағы ең ірі көрме алаңы.
Биыл көрме өзінің 10 жылдық мерейтойын атап өтуде және көрме тарихындағы ең ауқымды іс-шара болмақшы. Мерейтойлық көрмеге Қазақстан, Германия, Франция, Польша, Біріккен Араб Әмірліктері, Корея Республикасы, Үндістан, Қытай, Малайзия, Тайланд, Түркия, Ресей Федерациясы және басқа да елдерден автокомпоненттер мен сервистік жабдықтарды өндіруші, жеткізуші және дистрибьюторлерді жинайтын 400-ден астам компания қатысады.
Automechanika Astana көрмесі әлемдегі ең ірі көрме компанияларының бірі саналатын, 800 жылдан астам тарихы бар және 50-ден астам елде өкілдігі орналасқан Messe Frankfurt GmbH компаниясына тиесілі жаһандық Automechanika көрме бренді аясында өткізіледі. Automechanika халықаралық желісі бес құрлықтағы 20-дан астам көрмені біріктіріп, автокомпоненттер, сервис және логистика нарығындағы халықаралық стандарттарды қалыптастырады. Орталық Азиядағы көрменің ұйымдастырушысы аймақтағы Messe Frankfurt GmbH компаниясының ресми өкілі Business Media Central Asia (BMCA) компаниясы.
Халықаралық салалық көрмелер өңдеуші өнеркәсіпті дамытудың тиімді құралы. Мұндай алаңдар халықаралық өнеркәсіптік кооперацияны кеңейтуге, отандық өнімді сыртқы нарықтарға шығаруға, инвестиция тартуға және заманауи технологияларды трансферлеуге ықпал етеді және қазақстандық өндірушілер, шетелдік серіктестер мен даму институттары арасында тікелей диалог орнатуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, отандық кәсіпорындардың халықаралық көрмелеріне қатысуын қолдау мемлекеттік өнеркәсіптік саясаттың маңызды бөлігі.
Automechanika Astana 2026 көрмесі отандық автомобиль индустриясы үшін халықаралық нарықпен тікелей диалог орнататын маңызды алаң ретінде ерекше мәнге ие. Ол автомобиль компоненттерін өндіруді жергіліктендіруді дамытуға, халықаралық өнеркәсіптік кооперацияны кеңейтуге, кәсіпорындардың технологиялық базасын жаңартуға және қазақстандық өндірушілерді жаһандық жеткізу тізбектеріне біріктіруге ықпал ететін құрал. Көрменің мерейтой кезеңі Қазақстан Республикасындағы автомобиль кластерінің қарқынды дамуы және заманауи сервистік әрі ілеспе өндірістік шешімдерге деген сұраныстың артуы кезеңімен тұспа-тұс келіп отыр.
Көрменің іскерлік бағдарламасы аясында Automechanika Academy білім беру бағдарламасы, Automechanika Live Stage демонстрациялық алаңы, өндірушілер, дистрибьюторлар мен тапсырыс берушілер арасындағы B2B келіссөз сессиялары, жаңа өнімдер мен технологиялық шешімдердің таныстырылымдары, сондай-ақ салалық қауымдастықтар мен халықаралық серіктестердің қатысуымен сараптамалық сессиялар өткізу жоспарланған.
Көрмеге қатысу автомобиль өнеркәсібі кәсіпорындарының мамандары мен басшылары, автомобиль компоненттерін өндірушілер, сервистік және логистикалық компаниялар, дилерлік және дистрибьюторлық желілер, автомобиль көлігі операторлары, салалық қауымдастықтар, ғылыми-білім беру ұйымдары және мемлекеттік тапсырыс берушілер үшін өзекті.
Көрмеге қатысу тегін. Қатысу үшін сілтеме https://exhibition.techno-light.kz/event.php?id=40&utm_source=mps