
2026 жылғы 6 мамыр күні Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы мен Іле ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен Іле ауданы, Өтеген батыр ауылындағы Нұрғиса Тілендиев атындағы аудандық мәдениет үйінде «Сөз құндылығы – цифрлық дәуірде» облыстық іс-шарасы өтті.
Іс-шараның мақсаты – цифрлық дәуір жағдайында сөз мәдениетінің, тіл тазалығы мен сөз құндылығының маңызын түсіндіру, жастарды саналы әрі жауапты тілдік қарым-қатынасқа тәрбиелеу, интернет кеңістігінде сауатты сөйлеу дағдыларын дамыту.
Шараға Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев, сондай-ақ облыстық мәслихат төрағасы, мемлекет және қоғам қайраткерлері, тіл саласының мамандары, жергілікті атқарушы орган өкілдері, зиялы қауым, жастар және этномәдени бірлестіктер өкілдері қатысты.
Іс-шара Нұрғиса Тілендиевтің ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімімен басталды. Мәдениет үйі алаңында «Саз Нұрғиса» жас домбырашылар ансамблі композитордың «Әлқиса» күйін орындады. Сонымен қатар қонақтар фойеде ұйымдастырылған тіл, мәдениет және білім салаларында цифрлық технологияларды қолдану бағытындағы көрмені тамашалады.
Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев өз сөзінде цифрлық технологиялардың қарқынды дамуы тіл мәдениетіне жаңа талаптар қойып отырғанын атап өтіп, сөз құндылығын сақтау – бүкіл қоғамның ортақ міндеті екенін жеткізді.
Шара барысында өңірдегі тіл саясатын жүзеге асыруға айрықша үлес қосқан азаматтар мен мекеме ұжымдары арнайы номинациялармен марапатталды. Атап айтқанда, «Мемлекеттік тіл – бизнесте», «Мемлекеттік тіл – мерейім», «Сауатты жарнама – сапалы қызмет», «Жаңа дәуір үні», «Тілдарын», «Тілге қызмет – елге қызмет», «Құжат шебері – тіл зергері», «Тіл тазалығының тірегі» номинациялары бойынша үздіктер анықталды.
Аталған жоба аясындағы іс-шаралар облыстың Талғар, Қарасай, Еңбекшіқазақ, Жамбыл және Іле аудандарында жоғары деңгейде ұйымдастырылып, қорытындыланды. Нәтижесінде, мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыруға қосқан үлесі және іс-шараны сапалы өткізгені үшін әр ауданға қаржылай сертификаттар табысталды.
Шара барысында «Шин-Лайн» компаниялар тобының вице-президенті Дамир Дигай құттықтау сөз сөйлеп, облыстық цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Ақыл Жандос арнайы жобаны таныстырды.
Сонымен қатар «Таңдау», «Көптілділік – көкжиек» тақырыптарында сахналық көріністер қойылып, оқушылар бірнеше шет тілінде өлең оқыды. Шетелде тәжірибе жинақтаған маман өз тәжірибесімен бөлісті.