«Е-Апостиль» электрондық қызметін жедел түрде қалай алуға болады?

    Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі Солтүстік Қазақстан облысының Әділет департаменті

    Сұрақ

    «Е-Апостиль» электрондық қызметін жедел түрде қалай алуға болады?

    Жауап

    2021 жылдың қаңтарынан бастап «Әділет органдарынан және өзге мемлекеттік органдардан, сондай-ақ нотариустардан шығатын ресми құжаттарға апостиль қою» мемлекеттік қызметі автоматтандырылды. Апостиль қою мемлекеттік қызмет көрсетудің бизнес-процесі жеңілдетілді.

    Е-Апостиль сервистік бағдарламалық өнімі шеңберінде электрондық апостиль алуға өтініштер қабылдау, электрондық өтініштерді өңдеу және электрондық апостиль қалыптастыру жүзеге асырылады, бұл өтініш берушілерге Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде онлайн режимінде өтініш беруге мүмкіндік береді.

    Мемлекеттік қызметті алу үшін электрондық цифрлық қолтаңба (бұдан әрі - ЭЦҚ) болуы қажет.

    Азаматтардың электрондық цифрлық қолтаңба қойылған электрондық өтінішті және электрондық мемлекеттік қызметті көрсету нәтижесін беруі «электрондық үкіметтің» веб-порталы (бұдан әрі - ЭҮП) арқылы жүзеге асырылады.

    Электрондық апостиль ЭҮП арқылы уәкілетті мемлекеттік орган өтініш берген кезде берген қорғау кодын (қауіпсіздік коды және өтінім коды) қолдана отырып, апостильді жүктеу арқылы беріледі.

    Электрондық апостиль мөртабанының астында электрондық беттің мекенжайына сілтеме көрсетіледі https://egov.kz/cms/ru/services/apostil/apostil.

    Шет мемлекеттің уәкілетті органы көрсетілген электрондық мекенжайда екі қорғау кодын (қауіпсіздік коды және өтінім) енгізу арқылы электрондық апостиль мөртабаны бар ресми құжатты тексеруді жүзеге асырады.

    Осыған байланысты апостиль қоюдың осы автоматтандырылған рәсімі азаматтарға мемлекеттік қызметті онлайн режимінде алуға мүмкіндік береді.

    Электрондық апостильдеудің басты артықшылығы апостиль шығаруға және оның түпнұсқалығын белгілеуге жұмсалатын шығындар мен уақытты қысқарту, апостиль қызметтеріне қол жеткізуді жеңілдету, алаяқтықтан қорғауды арттыру, құзыретті органдардың жүктемесін азайту, құжаттарды жоғалту қаупін азайту, халықтың мемлекеттік қызметтерге қол жеткізуін жеңілдету және статистика жүргізуді жеңілдету болып табылады.

    Осылайша, электрондық апостиль - апостильді қою, жазу және тексеру үшін жылдам, қауіпсіз және қағазсыз процедураны енгізеді.

    Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі Консулдық қызмет департаментінің ақпаратына сәйкес қазіргі уақытта Гаага Конвенциясына қатысушы елдердің құрамында Испания, Грузия, Австрия, Колумбия, Молдова, Жаңа Зеландия, Испания, АҚШ-тың 1 штаты, Корея, Бельгия, Аргентина, Латвия, Чили елдерінде электрондық апостиль іске асырылды.

    Іске асырылған Электрондық тіркелімнің компонентіне мынадай елдер жатады: Андорра, Бахрейн, Бельгия, Болгария, Қытай (Гонконг), Коста-Рика, Доминикан Республикасы, Грузия, Ирландия, Мексика, Никарагуа, Парагвай, Перу, Румыния, Ресей, Словения, Біріккен Корольдік, АҚШ-тың 7 штаты, Уругвай.

    Ұқсас материалдар

    Сұрақ

    Авторлық құқықтың қандай түрлері бар?

    Жауап

    Авторлық құқық аясында құқықтардың екі түрі бар: мүліктік құқықтар құқық иесіне оның туындыларын басқа тұлғалардың пайдалануы нәтижесінде қаржылық сыйақы алуға мүмкіндік береді; мүліктік емес құқықтар автордың материалдық емес құқықтарын қорғайды (мысалы, атау құқығы).

    Сұрақ

    Сот шешімі заңды күшіне енгеннен кейін некенің бұзылғаны туралы анықтаманы қанша уақыттан соң алуға болады?

    Жауап

    Солтүстік Қазақстан облысының Әділет департаменті 2011 жылғы 26 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Кодексінің (бұдан әрі – Кодекс) 23-бабының 1, 2-тармақтарына сәйкес, сотта бұзылатын неке (ерлі-зайыптылық) соттың неке (ерлі-зайыптылық) бұзылуы туралы шешімі заңды күшіне енген күннен бастап тоқтатылған болып есептеледі және тіркеуші органдарда мемлекеттік тіркеуге жатпайды.

    Сұрақ

    Қайтарылған атқарушылық іс жүргізу борышкерлерінің тізілімінен мәліметтерді қалай алып тастауға болады?

    Жауап

    "Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы" ҚР Заңының 36-бабында Борышкерлердің бірыңғай тізілімінен мәліметтерді енгізу және алып тастау тәртібі бекітілген. Осы бапқа сәйкес атқарушылық құжаттар өндіріп алушыға қайтарылғаннан кейін борышкерді Борышкерлердің бірыңғай тізілімінен шығару атқарушылық құжаттың талаптары орындалған кезде жүргізіледі. Атқарушылық құжаттың талаптары орындалған жағдайда, сондай-ақ Заңның 11-бабына сәйкес атқарушылық құжатты ұсыну мерзімі өткен болса, Борышкерлердің бірыңғай тізілімінен шығару туралы өтінішпен атқару ісін жүргізген сот орындаушысына жүгіну қажет. Аяқталған атқарушылық іс жүргізу бойынша атқарушылық құжат талаптарының орындалуы туралы мәліметтерді алған кезде сот орындаушысы үш жұмыс күні ішінде борышкерді Борышкерлердің бірыңғай тізілімінен шығару үшін тиісті ақпаратты әділет департаментіне жібереді. Өз кезегінде әділет органы үш жұмыс күні ішінде сот орындаушысы жіберген материалдарды тексереді және борышкерді Борышкерлердің бірыңғай тізілімінен шығарады.

    Сұрақ

    Жеке сот орындаушысы деген кім?

    Жауап

    Жоғары заң білімі бар, уәкілетті орган берген атқарушылық құжаттарды орындау жөніндегі қызметпен айналысу құқығына лицензия (бұдан әрі – жеке сот орындаушысының лицензиясы) алған және Республикалық палатаға кірген, заңды тұлға құрмай-ақ атқарушылық құжаттарды орындау жөніндегі жеке практикамен айналысатын Қазақстан Республикасының азаматы жеке сот орындаушысы болып табылады. Жеке сот орындаушысы өзінің лауазымдық міндеттерін өз атынан және жауапкершілігімен орындайды. Жеке сот орындаушысының қызметіне ақы төлеу сомаларына салық салу Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

    Сұрақ

    Авторлық құқықты тіркеу міндетті ме?

    Жауап

    Авторлық құқық туынды жасалған кезден бастап туындайды және қандай да бір тіркеуді және өзге де формальдылықтарды талап етпейді. Алайда, құқықтар бұзылған жағдайда, (мүліктік емес) құқықтарды тіркеу туралы куәлік автордың пайдасына қосымша дәлел бола алады.

    Сұрақ

    Идеяны қалай патенттеуге болады?

    Жауап

    Зияткерлік меншік объектілерінің тізімі Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің 961-бабында келтірілген. Өнертабыстарды, пайдалы модельдерді құқықтық қорғау шарттары ҚР АК 991-бабында белгіленген. Құқықтық қорғау берілетін өнертабыс ретінде жаңа, өнертабыстық деңгейі бар және өнеркәсіпте қолданылатын техникалық шешім есептеледі. Құқықтық қорғау берілетін пайдалы модель ретінде жаңа, өнеркәсіпте қолданылатын техникалық шешім есептеледі.

    Сұрақ

    Өнеркәсіптік үлгінің тауар таңбасынан айырмашылығы неде?

    Жауап

    Өнеркәсіптік үлгі тауар белгісінен өнеркәсіптік үлгі одан ажырамайтын бұйымның бөлігі болып табылатындығымен ерекшеленеді, ал тауар белгісі бұйымға қойылады және оның бөлігі болып табылмайды. Тауар белгісі тауарларды, жұмыстарды және оған көрсетілетін қызметтерді дараландыру құралы болып табылады. Тауар белгісі мен өнеркәсіптік үлгінің арасындағы түбегейлі айырмашылық тауар белгісінің айырым қабілетіне ие болуы керек. Бұл тауарлық белгілерге қойылатын негізгі талап. Мұндай талап өнеркәсіптік үлгіге қойылмайды.

    Сұрақ

    Авторлық құқық қанша мезгілге дейін жарамды?

    Жауап

    Қазақстан Республикасында авторлық құқық автордың бүкіл өмірі бойы және ол қайтыс болғаннан кейін 70 жыл бойы күшінде болады. Авторлық құқық, есімнің құқығы және автордың беделін қорғау құқығы мерзімсіз қорғалады.

    gov.5n.kz

    Ашық деректер мен ресми дереккөздердің жарияланымдарын талдаймыз. Материалдар жылдам іздеу және мониторинг үшін бір лентаға жиналған.

    © 2026 gov.5n.kz. Мемлекет туралы ақпараттық-талдамалық портал.