Өндiрiп алушы мен борышкер атқарушылық iс жүргiзу тараптары болып табылады.
Өз пайдасына немесе мүдделерiне атқарушылық құжат берiлген жеке немесе заңды тұлға өндiрiп алушы болып табылады.
Атқарушылық құжатта көзделген талаптарды орындауға мiндеттi жеке немесе заңды тұлға борышкер болып табылады.
Атқарушылық iс жүргiзуге бiрнеше өндiрiп алушы немесе борышкер қатыса алады. Олардың әрқайсысы атқарушылық iс жүргiзуге дербес қатысады. Атқарушылық құжат бойынша борышкерге оның өзi ғана орындай алатын мiндеттер (жеке мiндеттер) жүктелген жағдайларды қоспағанда, бірге қатысушы атқарушылық іс жүргізуде өз мүдделерін қорғауды, басқа бірге қатысушыға оның келісімімен тапсыруы мүмкін.
Жеке тұлғалар атқарушылық iс жүргiзуге дербес немесе өкiлдерi арқылы қатыса алады. Атқарушылық iс жүргiзуге жеке тұлғаның өзiнiң қатысуы оны өз өкiлi болуы құқығынан айырмайды. Егер атқарушылық құжат бойынша борышкерге оның өзi ғана орындай алатын мiндеттер жүктелсе, онда борышкер оларды орындау кезiнде өкiлі арқылы әрекет етуге құқылы емес.
Ұйымдардың атқарушылық iс жүргiзуге қатысуы олардың өздерiне заңдармен, өзге де нормативтiк құқықтық актiлермен және құрылтай құжаттарымен берiлген өкiлеттiктер шегiнде әрекет ететiн органдары не аталған органдардың өкілдерi арқылы жүзеге асырылады.
Ұйым атынан өкiлдiк ететiн адамдардың өздерінің лауазымдық жағдайлары мен өкiлеттiктерiн растайтын құжаттары болуға міндетті.
Өкiлдiң өкiлеттiктерi Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес берiлген және ресiмделген сенiмхатпен куәландырылады.
Сот орындаушысы – атқарушылық құжаттарды мәжбүрлеп орындатуға бағытталған шараларды қабылдау бойынша өздеріне заңмен жүктелген функцияларды орындайтын және осы Заңда көзделген алып қоюлар үшін тең құқықтары мен міндеттері бар мемлекеттік сот орындаушысы және жеке сот орындаушысы;
Атқарушылық құжатта қамтылған талаптарды орындауға жәрдемдесетін өзге де адамдар (оның ішінде ішкі істер органдарының және өзге де мемлекеттік органдардың қызметкерлері, сот приставы, жеке сот орындаушысының көмекшісі, аудармашы, куәгерлер, маман, сот орындаушысы тыйым салынған мүлікті күзетуге немесе сақтауға берген адам) атқарушылық іс жүргізуге қатысушылар болып танылады.