«Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» ҚР Кодексінің (бұдан әрі - Кодекс) 126-баптың 2-тармағының 1) тармақшасына сәйкес көмірсутектерді барлау мен өндіруді жүргізу кезінде жер қойнауын пайдалану салдарын жою жер қойнауын пайдалану құқығы тоқтатылған жер қойнауы учаскесінде жүргізіледі.
Сондай-ақ, Кодекстің 126-бабы 3-тармағының 1-тармақшасына сәйкес жер қойнауын пайдаланушы жер қойнауын пайдалану құқығы тоқтатылған күннен бастап екі айдан кешіктірмей, осы Кодексте және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында көзделген көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалану салдарын жою жобасының сараптамаларын бекітуге және жүргізу үшін ұсынуға міндетті.
Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2018 жылғы 22 мамырдағы № 200 бұйрығымен бекітілген «Көмірсутектерді барлау мен өндіру және уран өндіруді жүргізу кезіндегі консервациялау және жою қағидалары» ( бұдан әрі - Қағидалар) 6-тармағына сәйкес жер қойнауын пайдаланушы (жер қойнауын пайдалану келісімшарты бойынша оператор, сенімгерлік басқарушы) немесе жер қойнауын пайдалану құқығы тоқтатылған тұлға (бұдан әрі – жер қойнауын пайдаланушы) консервациялау және (немесе) жою басталғанға дейін күнтізбелік он бес күн бұрын уәкілетті органға консервациялау және (немесе) жою жөніндегі жұмыстардың себебін, бастау мен аяқтаудың болжамды мерзімдерін көрсете отырып, жоспарланып отырған консервациялау және (немесе) жою туралы жазбаша хабарлама жібереді.
Бұдан әрі Қағидалардың 8-тармағына сәйкес жер қойнауын пайдаланушы консервациялау және (немесе) жою аяқталған соң, он бес күнтізбелік күн ішінде құзыретті органды ондай жұмыстар аяқталғаны туралы хабардар етеді.
Комиссия құрамын хабарламаны алған күннен бастап отыз күнтізбелік күн ішінде әр жеке жағдай бойынша құзыретті орган бекітеді.
Одан кейін Қағидалардың 10-тармағына сәйкес консервациялау және (немесе) жою жөніндегі аяқталған жұмысты қабылдауды құзыретті орган құрған комиссия жүзеге асырады:
- жер қойнауын пайдаланушы;
- құзыретті органның өкілі;
- қоршаған ортаны қорғау, халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы уәкілетті органдардың және облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың жергілікті атқарушы органдарының өкілдері;
- жеке меншiктегі немесе ұзақ мерзiмдi пайдаланудағы жер учаскесiн жойған жағдайда – жер учаскесiнiң меншiк иесi немесе жер пайдаланушы өкілі.
Жоғарыда көрсетілген талаптар көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдаланудың салдарын жою жөніндегі барлық міндеттемелерді орындайтын жер қойнауын пайдаланушыларға қатысты жұмыс істейді.
Қалған жағдайлар бойынша «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Кодекстің 107-бабын және басқа баптарын басшылыққа алуды сұраймыз.