2026 жылғы 12 маусымда Астана қаласында Astana Mining & Metallurgy халықаралық тау-кен металлургия конгресі аясында VII Көмір өнеркәсібі форумы өтеді. Форумды Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің қолдауымен Тау-кен өндіруші және тау-кен металлургиялық кәсіпорындардың республикалық қауымдастығы ұйымдастырады. Іс-шараның тең ұйымдастырушылары – «Қазкөміркәсіподақ» көмір өнеркәсібі қызметкерлерінің салалық кәсіподағы және «QAZAQMETAL KÁSIPODAǴY» тау-кен металлургия саласының кәсіптік одағы. Көмір өнеркәсібі форумы дәстүрлі түрде көмір саласын дамыту, оның елдің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі рөлі, сондай-ақ бизнес, мемлекеттік органдар, кәсіби бірлестіктер мен сарапшылар қауымдастығының қатысуымен бірлескен ұсыныстар әзірлеу мәселелерін талқылайтын маңызды салалық алаңдардың бірі болып табылады. Көмір өнеркәсібі Қазақстан экономикасында жүйе құраушы маңызын сақтап отыр. Салада 32 мыңнан астам адам еңбек етеді, ол елдің тұрақты энергиямен қамтылуында шешуші рөл атқарады және республиканың өнеркәсіптік әлеуетінің негізгі тіректерінің бірі болып саналады. Қазақстан көмір өндіру көлемі мен геологиялық қоры бойынша әлемдегі жетекші он елдің қатарына кіреді. Биыл форум «Қазақстанның көмір өнеркәсібі: энергетикалық қауіпсіздіктің стратегиялық негізі» тақырыбында өтеді. Форум қатысушылары энергетиканың отын тұрақтылығын қамтамасыз ету, көлік инфрақұрылымы мен көмір жеткізу логистикасын дамыту, көмір нарығын реттеуді жетілдіру, экспорт бағыттарын кеңейту, инвестициялық жобаларды іске асыру, сондай-ақ көмірді терең өңдеу мен көмір химиясын дамыту перспективаларын талқылайды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайдың V отырысында берген тапсырмасы бойынша қабылданған Қазақстандағы көмір генерациясын дамыту жөніндегі Ұлттық жобаны іске асыру мәселелеріне ерекше назар аударылады. Форум жұмысына саланың жетекші кәсіпорындарының өкілдері қатысады. Олардың қатарында «Богатырь Көмір» ЖШС, «Шұбаркөл Көмір» АҚ, QARMET АҚ, «Шұбаркөл Премиум» АҚ, «Қаражыра» АҚ, «ЕЭК» АҚ, «Майкүбі-Вест» АҚ, «Kazakhmys Coal» ЖШС және басқа да компаниялар бар. Форум аясында өндіріс озаттарын салалық наградалармен марапаттау рәсімі де өтеді. Тау-кен өндіруші және тау-кен металлургиялық кәсіпорындардың республикалық қауымдастығы көмір өндіруші кәсіпорындардың, мемлекеттік органдардың, сарапшылар қауымдастығының, салалық ұйымдардың және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерін VII Көмір өнеркәсібі форумына қатысуға шақырады. 📅 Өтетін күні: 2026 жылғы 12 маусым 🕘 Басталу уақыты: 10:00 📍 Өтетін орны: Астана қаласы, Гейдар Әлиев көшесі, 14-үй, Hilton Astana қонақ үйі, Astana Hall залы 📌 Форумға қатысу тегін Тіркелу және аккредиттеу бойынша байланыс деректері Делегаттарды тіркеу: Тел.: +7 (7172) 68-96-20 E-mail: [email protected] Тіркелу сілтемесі: https://docs.google.com/forms/d/1c94sICdc5Fs0GNtoNchJXGaN9CcCV8w2b1EBDVcOHWg/edit БАҚ өкілдерін аккредиттеу: Тел.: +7 (701) 027-89-74 E-mail: [email protected]
2026 жылғы 10–12 маусым аралығында Астана қаласындағы EXPO халықаралық көрме орталығы базасында Automechanika Astana 2026 халықаралық көрмесі өтеді. Бұл – автомобиль компоненттері, техникалық қызмет көрсету станцияларына арналған жабдықтар, сервистік және логистикалық шешімдер, майлар, техникалық сұйықтықтар мен автохимия саласындағы Орталық Азиядағы ең ірі салалық іс-шара. 2026 жылы көрме өзінің 10 жылдық мерейтойын атап өтеді және тарихындағы ең ауқымды форматта ұйымдастырылады. Мерейтойлық көрмеге Қазақстан, Германия, Франция, Польша, Біріккен Араб Әмірліктері, Корея Республикасы, Үндістан, Қытай, Малайзия, Тайланд, Түркия, Ресей Федерациясы және өзге де елдерден автомобиль компоненттері, сервистік жабдықтар мен мұнай-химия өнімдерін өндіруші, жеткізуші және дистрибьютор 400-ден астам компания қатысады. Automechanika Astana көрмесі әлемдегі ең ірі көрме компанияларының бірі – 800 жылдан астам тарихы бар және 50-ден аса елде өкілдігі орналасқан Messe Frankfurt GmbH компаниясына тиесілі жаһандық Automechanika көрме бренді аясында өткізіледі. Automechanika халықаралық желісі бес құрлықтағы 20-дан астам көрмені біріктіріп, автомобиль компоненттері, сервис және логистика нарығындағы халықаралық стандарттарды қалыптастырады. Орталық Азиядағы көрмені ұйымдастырушы – Business Media Central Asia компаниясы, ол Messe Frankfurt GmbH компаниясының өңірдегі ресми өкілі болып табылады. Мұндай халықаралық салалық көрмелер мұнай-газ химиясы кешені мен жанар-жағармай материалдары нарығын дамытудың маңызды құралдарының бірі саналады. Аталған алаңдар мұнай-химия саласындағы халықаралық кооперацияны кеңейтуге, мұнай өңдеу кәсіпорындарының технологиялық базасын жаңғыртуға, көмірсутектерді терең өңдеу өнімдерін сыртқы нарықтарға ілгерілетуге, сондай-ақ жағармай материалдары, техникалық сұйықтықтар мен автохимия өндірісіндегі заманауи технологиялар трансферті мен инвестиция тартуға ықпал етеді. Қазақстанның мұнай-химия саласы мен мұнай өнімдері нарығы үшін Automechanika Astana 2026 халықаралық өндірушілер мен тұтынушылар арасындағы тікелей диалог алаңы, жағармай материалдары, техникалық сұйықтықтар мен автохимия өндірісін жергіліктендіруді дамыту құралы, отандық мұнай өңдеу және мұнай-химия кәсіпорындарының технологиялық базасын жаңғырту тетігі, сондай-ақ қазақстандық өнімдерді жаһандық жеткізу тізбектеріне интеграциялау мүмкіндігі болып табылады. Көрменің мерейтойлық шығарылымы Қазақстан Республикасының мұнай-газ химиясы кластері белсенді дамып, сапалы жанар-жағармай материалдары мен ілеспе өнімдерге ішкі сұраныс артып отырған кезеңге тұспа-тұс келіп отыр. Көрменің іскерлік бағдарламасы аясында Automechanika Academy білім беру бағдарламасы, Automechanika Live Stage демонстрациялық алаңы, өндірушілер, дистрибьюторлар мен тапсырыс берушілер арасындағы B2B-келіссөздер, жаңа өнімдер мен технологиялық шешімдердің таныстырылымдары, сондай-ақ салалық қауымдастықтар мен халықаралық серіктестердің қатысуымен өтетін сараптамалық сессиялар жоспарланған. Көрмеге қатысу мұнай-газ химиясы кешені кәсіпорындарының мамандары мен басшыларына, жағармай материалдары, техникалық сұйықтықтар және автохимия өндірушілеріне, жанармай құю станциялары мен мұнай базалары операторларына, сервистік және логистикалық компанияларға, дилерлік және дистрибьюторлық желілерге, салалық қауымдастықтарға, ғылыми-білім беру ұйымдарына және мемлекеттік тапсырыс берушілерге өзекті. Көрмеге келу тегін. Тіркелу үшін: https://exhibition.techno-light.kz/event.php?id=40&utm_source=minenrg
2026 жылғы 5 маусымда сағат 11:00-де Өскемендегі жоғары политехникалық колледжінде (Серікпаев, 5) Қазақстан Республикасының Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімхановтың Шығыс Қазақстан облысының тұрғындарымен кездесуі өтеді. Азаматтарды белсенді қатысуға және Қазақстан Республикасының Энергетика вице-министріне жеке сұрақтар қоюға шақырамыз.
2026 жылғы 8 мамырда сағат 11:00-де (Талдықорған қаласы, «Достық үйі», Қаратал шағынауданы, 36А) Энергетика вице-министр Қайырхан Тұтқышбаевтың Жетісу облысының тұрғындарымен кездесуі өтеді. Азаматтарды кездесуге белсенді қатысуға және Энергетика вице-министріне өз сұрақтарын тікелей қоюға шақырамыз.
2026 жылғы 5-7 мамыр аралығында Астана қаласындағы EXPO халықаралық көрме орталығында коммерциялық көлік және жол логистикасы шешімдеріне арналған Comtrux Astana 2026 халықаралық көрмесі өтеді. Көрме көлік, логистика және өнеркәсіптік инфрақұрылымды дамыту, сонымен қатар энергетика және мұнай-газ кешенінің қажеттіліктерін қамтамасыз етуге бағытталған салалық платформа.
Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі (бұдан әрі – Министрлігі) сұйытылған мұнай газын тұрмыстық баллондарда өткізу кезінде оны таңбалау және қадағалап отыру бойынша реттеушілік әсерді талдау (бұдан әрі – РӘТ) жобасының ресми интернет-ресурста және «Ашық НҚА» интернет-порталында орналастырылғаны туралы хабарлайды. Осыған байланысты Министрлік аталған жобаны талқылауға қатысуға шақырады. Талқылау 2026 жылғы 30 сәуір күні сағат 16:00-де бейнеконференция арқылы өтеді. Талқылауға қатысу үшін 2026 жылғы 20 сәуірге дейін [email protected] электрондық поштасына қатысушылардың кандидатураларын (толық аты-жөні, жұмыс орны, лауазымы, сондай-ақ ұялы телефон нөмірі көрсетіле отырып) жолдау қажет. Қосымша сұрақтар туындаған жағдайда 786837, 786985, 8 701-621-08-81 телефон нөмірлері арқылы хабарласуыңызды сұраймыз. Жоба ашық нормативтік құқықтық актілердің интернет-порталында және Министрліктің интернет-ресурсында орналастырылған (сілтеме: https://legalacts.egov.kz/npa/view?id=15795025).