«Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» ҚР Кодексінің (бұдан әрі - Кодекс) 126-бабының 1-тармағына сәйкес көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалану салдарын жою жер қойнауын пайдаланушы бекіткен және осы Кодекс пен Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында көзделген сараптамалардың оң қорытындысын алған жер қойнауын пайдалану салдарын жою жобасына сәйкес жүргізіледі.
Кодекстің 126-бабы 2-тармағының 2-тармақшасына сәйкес жер қойнауын пайдалану салдарын жою жер қойнауын пайдаланушы осы Кодекстің 114-бабында көзделген тәртіппен мемлекетке қайтаруға ниет білдірген жер қойнауы учаскесінде (оның бөліктерінде) жүргізіледі.
Көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалану салдарын жою жөніндегі жұмыстарды жүргізуге қойылатын талаптар көмірсутектер саласындағы уәкілетті орган бекітетін көмірсутектерге барлау және өндіру жүргізу кезінде консервациялау және жою қағидаларында белгіленеді.
Көмірсутектерді барлау мен өндіруді және уран өндіруді жүргізу кезінде консервациялау және жою қағидаларының (Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2018 жылғы 22 мамырдағы № 200 бұйрығымен бекітілген) (бұдан әрі - Қағидалар) 6-тармағына сәйкес жер қойнауын пайдаланушы (жер қойнауын пайдалану келісімшарты бойынша оператор, сенімгерлік басқарушы) немесе жер қойнауын пайдалану құқығы тоқтатылған тұлға (бұдан әрі – жер қойнауын пайдаланушы) консервациялау және (немесе) жою басталғанға дейін күнтізбелік он бес күн бұрын уәкілетті органға консервациялау және (немесе) жою жөніндегі жұмыстардың себебін, бастау мен аяқтаудың болжамды мерзімдерін көрсете отырып, жоспарланып отырған консервациялау және (немесе) жою туралы жазбаша хабарлама жібереді.
Қағидалардың 7-тармағына сәйкес көзделіп отырған консервациялау және (немесе) жою туралы хабарламаға қоса беріледі:
1) консервациялаудың және (немесе) жоюдың қажеттілігі туралы негіздеме;
2) көмірсутектердің немесе уранның қалған өндірілмеген қорлары, сондай-ақ өндіріс қалдықтары (соның ішінде пайдалы, зиянды және улы заттары бар қалдықтар) туралы мәліметтер;
3) бекітілген және Кодексте және басқа заңдарда көзделген сараптамалардан өткен жер қойнауы учаскелерін консервациялау және (немесе) жер қойнауын пайдалану салдарын жою жобасы.
Бұл ретте, Қағидалардың 8-тармағына сәйкес жер қойнауын пайдаланушы консервациялау және (немесе) жою аяқталған соң, он бес күнтізбелік күн ішінде құзыретті органды ондай жұмыстар аяқталғаны туралы хабардар етеді.
Комиссия құрамын хабарламаны алған күннен бастап отыз күнтізбелік күн ішінде әр жеке жағдай бойынша құзыретті орган бекітеді.
Одан кейін Қағидалардың 10-тармағына сәйкес консервациялау және (немесе) жою жөніндегі аяқталған жұмысты қабылдауды құзыретті орган құрған комиссия жүзеге асырады:
- жер қойнауын пайдаланушы;
- құзыретті органның өкілі;
- қоршаған ортаны қорғау, халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы уәкілетті органдардың және облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың жергілікті атқарушы органдарының өкілдері;
- жеке меншiктегі немесе ұзақ мерзiмдi пайдаланудағы жер учаскесiн жойған жағдайда – жер учаскесiнiң меншiк иесi немесе жер пайдаланушы өкілі.
Оң шешімі бар консервациялау (жою) актісіне қол қойған сәттен бастап Комиссия өз қызметін тоқтатады.
Жоғарыда баяндалғанды ескере отырып, жер қойнауын пайдаланушыға келісімшарттық аумақты қайтаруды жүзеге асыру мақсатында Кодекстің және Қағидалардың нормаларын басшылыққа алу қажет.