Борышкер сот орындаушысы мүлікке тыйым салуды қолданғаннан және бағалау жүргізгеннен кейін және мүлік алып қойылғанға немесе өткізілгенге дейін сот орындаушысының жазбаша рұқсатымен және ол белгілеген мерзімде тыйым салынған мүлікті бағалау құнынан төмен болмайтын құн бойынша өткізуге құқылы. Борышкердің мүлікті өткізуге рұқсат алуы мүлікті өткізу жөніндегі рәсімдерді тоқтата тұруға негіз болып табылмайды.
Сатып алушы мен борышкер немесе сот орындаушысы арасындағы сатып алу-сату шартына қол қойылғаннан және сатып алушы мүліктің сатып алу құнының мөлшеріндегі ақшалай соманы аумақтық органның қолма-қол ақшаны бақылау шотына немесе жеке сот орындаушысының өндіріп алушылардың пайдасына өндіріп алынған сомаларды сақтауға арналған ағымдағы шотына енгізгеннен кейін, талап қоюды қамтамасыз ету мақсатында сот салған ауыртпалықтарды қоспағанда, басқа атқарушылық құжаттар шеңберінде салынған, өткізілген мүліктен ауыртпалықтардың күшін мүлікті өткізген не рұқсатымен өткізілген сот орындаушысы жояды (Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 2 сәуірдегі № 261-IV «Атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесi туралы» Заңының 74-б. 2-т.).