Қазақстан Республикасының азаматтығы адамның мемлекетпен тұрақты саяси-құқықтық байланысын айқындайды, бұл олардың өзара құқықтары мен міндеттерінің жиынтығын білдіреді. Қазақстан Республикасының азаматын өзінің азаматтығын өзгерту құқығынан айыруға, сондай-ақ оны Қазақстаннан тыс жерлерге аластауға болмайды. Террористік қылмыстар жасағаны, сондай-ақ Қазақстан Республикасының өмірлік маңызы бар мүдделеріне өзге де ауыр зиян келтіргені үшін соттың шешімімен ғана Қазақстан Республикасының азаматтығынан айыруға жол беріледі.
Қазақстан Республикасының азаматтары Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарында жарияланған және кепілдік берілетін азаматтық, саяси, экономикалық және әлеуметтік құқықтар мен бостандықтарды барынша толық иеленеді.
Жеңілдетілген тәртіппен Қазақстан Республикасының азаматтығына қабылдануы мүмкін:
- тұру мерзіміне қарамастан, Қазақстан Республикасының аумағында заңды негіздерде тұрақты тұратын қандастар;
- тұру мерзіміне қарамастан, Қазақстан Республикасының аумағында заңды негіздерде тұрақты тұратын, өз еркінен тыс азаматтығынан айырылған немесе азаматтығын жоғалтқан жаппай саяси қуғын-сүргіннің ақталған құрбандары, сондай-ақ олардың ұрпақтары;
- Қазақстан Республикасының жоғары оқу орындарында оқитын этникалық қазақтар.
Қазақстан Республикасының Конституциясы азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ете отырып, халықаралық актілердің нормалары мен қағидаттарына негізделеді.
Көрсетілген және басқа да халықаралық актілер мынадай негізгі құқықтар мен бостандықтарды жариялайды:
- әрбір адам өмір сүруге, бостандыққа және жеке басына қол сұқпауға құқылы; - ешкімді азаптауға, оған қатыгездік немесе оның қадір-қасиетін қорлайтындай жәбір көрсетуге және жазалауға болмайды;
- барлық адамдар заң алдында тең, заңды тең қорғауға құқылы;
- әрбір адам мемлекет шегінде еркін жүріп-тұруға және өзінің тұрғылықты жерін таңдауға құқылы;
- әрбір адам еңбек етуге, білім алуға, демалуға, оның отбасының денсаулығы мен әл-ауқатын қолдау үшін қажетті өмір сүру деңгейіне және т. б. құқылы.
Тұрақты тіркеуге және тұруға ықтиярхатқа ие бола отырып, қандас мәртебесі негізінде жеңілдетілген тәртіппен ҚР азаматтығын алуға болады.
Жеңілдетілген тәртіп бойынша ҚР азаматтығын алу үшін облыстардың ПД бастығының атына өтініш береді. ҚР азаматтығына қабылдау туралы өтінішхатқа (өтінішке) мынадай құжаттар қоса тіркеледі:
- бұрынғы мемлекетінің азаматтығынан бас тарту туралы өтініш (нотариуспен бекітілген);
- толық өмірбаян (еркін нысанда);
- сауалнама-өтініш;
- өлшемі 3,5 x 4,5 см төрт фотосурет;
- міндеттеме;
- жеке басты куәландыратын және басқа мемлекеттің азаматтығына тиесілігін растайтын құжаттың көшірмесі;
- қандас куәлігі;
- жоғары оқу орындарында оқитын этникалық қазақтар - осы оқу орнында оқитын фактісін растайтын жоғары оқу орнынан анықтама;
- жоғары оқу орындарында оқитын этникалық қазақтар үшін ұлтын растайтын анықтама;
- мемлекеттік баж салығын төлегені немесе оны төлеуден босатылғаны туралы құжат (Салық кодексінің 619 - бабына сәйкес ҚР азаматтығын алуға байланысты барлық нотариаттық іс-әрекеттер бойынша қандастар мемлекеттік баж төлеуден босатылады).
Құжаттар тұрғылықты жері бойынша Полиция департаментінің Көші-қон полициясы бөлімшелеріне тапсырылады.
Қазақстан Республикасы азаматының жеке куәлігі не Қазақстан Республикасы азаматының паспорты Қазақстан Республикасының азаматтығын алғанын растайтын құжат болып табылады. Жеңілдетілген тәртіппен (тіркеу тәртібімен) азаматтық алу туралы материалдарды қарау мерзімі Өтініш берілген күннен бастап үш айдан аспауға тиіс.