Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы нормативтік құқықтық актілерге (бұдан әрі-АЭА) жоғары эпидемиялық маңызы бар объектінің сәйкестігі туралы санитариялық - эпидемиологиялық қорытындыны басқа субъектілерге уақытша пайдалануға беруге қатысты мыналарды түсіндіреміз.
«Рұқсаттар және хабарламалар туралы» Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі - Заң) 17-бабында қызметтің немесе әрекеттердің (операциялардың) жекелеген түрлерін бастау және кейіннен жүзеге асыру үшін жеке және заңды тұлғалардың жарамды рұқсаты болуға міндетті екендігі көзделген. Жеке және заңды тұлғалардың заңда рұқсат беру тәртібі белгіленген қызметті немесе әрекеттерді (операцияларды) тиісті рұқсат алмай жүзеге асыруына жол берілмейді.
«Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасы кодексінің (бұдан әрі – Кодекс) 19-бабының 1-тармағына сәйкес СЭҚ денсаулық сақтау саласындағы рұқсат беру құжаты болып табылады.
Сонымен қатар, Заңға екінші санаттағы рұқсаттар тізбесінің 120-тармағында СЭҚ екінші санаттағы, бөлінбейтін және мерзімсіз рұқсат болып табылады деп көзделген.
Заңның 1-бабының 4) тармақшасына сәйкес жарамды екінші санаттағы рұқсаты бар жеке немесе заңды тұлға екінші санаттағы рұқсаттың иесі болып табылады.
Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің (бұдан әрі – ҚР КК) 137-бабы 3-тармағының 1) тармақшасына сәйкес, берілген рұқсаттар бойынша біліктілік немесе рұқсат беру талаптарына, Заңға сәйкес жіберілген хабарламалар бойынша талаптарға сәйкестігіне жүргізілетін тексерулер тексеру түрлерінің бірі болып табылады.
Бұл ретте, Заңның 51-бабының 3-тармағына сәйкес лицензиаттар мен екінші санаттағы рұқсаттар иелерінің Рұқсаттар және хабарламалар туралы Қазақстан Республикасы заңнамасының рұқсатты және (немесе) рұқсатқа қосымшаны бергеннен кейін (қызметті жүзеге асыру процесінде) сақталуын рұқсат беру бақылауы ҚР КК-не сәйкес тексерулер арқылы жүзеге асырылады.
Бұрын берілген рұқсаттары және жіберілген хабарламалар бойынша талаптары бар тексерілетін субъектілер талаптарға сәйкестігін тексеруге жатады.
Жоғарыда айтылғандардың негізінде СЭҚ-ны басқа субъектілерге уақытша пайдалануға беруге жол берілмейді.
Бұл ретте, ҚР КК 27-бабының 4) тармақшасына сәйкес кәсіпкерлік субъектілері заңға сәйкес рұқсат алуға міндетті.
«Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Қазақстан Республикасы кодексінің 463-бабында кәсіпкерлік немесе өзге де қызметпен айналысқаны, сондай-ақ тиісті тіркеусіз, рұқсатсыз немесе хабарлама жібермей іс-әрекеттерді (операцияларды) жүзеге асырғаны үшін жауапкершілік көзделгенін ескеру қажет.