Тұрғын үйлердегі бөлме температурасы адамдарға қолайлы болса, денсаулыққа жағымсыз әсері болатынына алаңдамауға болады, ал температура суық немесе қатты ыстық болса бірқатар проблемалар туындауы мүмкін. Егер бөлме температурасы регламенттелген көрсеткіштерден төмен болса, тыныс алу жолдарының ауруларына, жүйке жүйесінің, қабыну процестерінің асқынуына әкелуі мүмкін. Сондай-ақ, қатты ыстық да әлсіздікті, тез шаршауды, су-электролит балансының бұзылуын, жұмыс қабілеттілігінің төмендеуін, жүрек және қан тамырлары ауруларының асқынуын тудыруы мүмкін.
Микроклиматтың оңтайлы және рұқсат етілген көрсеткіштері Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2022 жылғы 16 ақпандағы №15 бұйрығымен бекітілген Гигиеналық нормативтермен регламенттелген.
Гигиеналық нормативтердің 1-қосымшасының, 17-кестесіне сәйкес, күннің суық мезгілінде тұрғын үй бөлмелеріндегі температураның оңтайлы нормалары - 20-22°С, ал рұқсат етілген температура 18-24 (20-24)°С аралығында болады, дәретхана мен ас үй үшін 19-21 °С шеңберіндегі көрсеткіштер оңтайлы болып саналады, 18-26°С шегінде рұқсат етіледі, демалу және сабақ оқу бөлмелеріндегі оңтайлы температура 20-22°С, рұқсат етілген-18-24°С шегінде нормаланады.
Жылыту маусымында тұрғын үй-жайлардағы температуралық режимді сақтамау мәселелері бойынша тұтынушы пәтер иелерінің кооперативтеріне де, жылумен жабдықтау бойынша қызметтер көрсететін ұйымға (компанияға) да жүгінуге, сондай-ақ, тұрғын пәтердегі ауа температурасын зертханалық өлшеу үшін зерттеудің осы түріне аккредиттелген кез келген зертханаға да жүгінуге құқылы.