«Мемлекеттік мүлік туралы» Заңда және Мемлекеттік мүлікті сенімгерлік басқаруға беру қағидаларында белгіленген рәсімнен тыс АҚ (акциялар пакетінің жалғыз акционері Қазақстан Республикасы немесе жергілікті атқарушы органдар болып табылатын) мүлкін сенімгерлік басқаруға беру жөніндегі тендерді өткізу заңды ма?
«Акционерлік қоғамдар туралы» Заңның 3 – бабына сәйкес өз қызметін жүзеге асыру үшін қаражат тарту мақсатымен акциялар шығаратын заңды тұлға акционерлік қоғам (бұдан әрі – Қоғам) деп танылады. Қоғамның өз акционерлерінің мүлкінен оқшауланған мүлкі болады және олардың міндеттемелері бойынша жауап бермейді. «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының міндеттемелерін қоспағанда, қоғам өз міндеттемелері бойынша өз мүлкі шегінде жауаптылықта болады. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің 33 – бабының 1-тармағына сәйкес меншiк, шаруашылық жүргiзу немесе жедел басқару құқығындағы оқшау мүлкi бар және сол мүлiкпен өз мiндеттемелерi бойынша жауап беретiн, өз атынан мүлiктiк және мүлiктiк емес жеке құқықтар мен мiндеттерге ие болып, оларды жүзеге асыра алатын, сотта талапкер және жауапкер бола алатын ұйым заңды тұлға деп танылады. Осылайша, Қоғам Қазақстан Республикасының заңнамасына, қоғамның жарғысына және ішкі нормативтік құжаттарына сәйкес АҚ тиісті органдарының құзыреті шегінде өзіне меншік құқығымен тиесілі мүлікке дербес билік ете алады. Басқаша айтқанда, АҚ мүлкі мемлекеттік емес. Республикалық (коммуналдық) мемлекеттік меншікте осы АҚ мүлкі емес, АҚ акцияларының пакеті ғана болады. Бұл ретте, мемлекеттік мүлік туралы заңнама, оның ішінде Мемлекеттік мүлікті сенімгерлік басқаруға беру қағидалары тек мемлекеттік мүлікке ғана қолданылады.