Республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорынның (бұдан әрі - РМҚК) сыйақы алу үшін екінші деңгейдегі банктердің депозиттеріне ақшалай қаражатты уақытша орналастыруға құқығы бар ма?
Шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорындардың және акцияларының (үлестерінің) бақылау пакеті мемлекетке тиесілі ұйымдардың қаржылық қызметтерді сатып алу тәртібі Қазақстан Республикасы Үкіметінің «Шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорындардың және акцияларының (жарғылық капиталына қатысу үлестерінің) бақылау пакеті мемлекетке тиесілі ұйымдардың қаржылық көрсетілетін қызметтерді сатып алуының кейбір мәселелері туралы» 2004 жылғы 14 қыркүйектегі № 960 қаулысымен (бұдан әрі-№960 қаулы) реттелген. №960 қаулының 1- тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкiн қоспағанда, шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттiк кәсiпорындарды мемлекеттік басқару органдары болып табылатын және табиғи монополиялар субъектiлерiн, «Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры» акционерлік қоғамын және пруденциалдық нормативтер мен активтерді әртараптандыру дәрежесіне қойылатын талаптарды қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу және қадағалау жөніндегі уәкілетті орган белгілеген қаржы ұйымдарын қоспағанда, акцияларының (жарғылық капиталына қатысу үлестерінің) бақылау пакетi мемлекетке тиесiлi ұйымдар (бұдан әрi – Ұйымдар) акцияларының (жарғылық капиталына қатысу үлестерінің) бақылау пакеттерiне иелiк ету және пайдалану құқығын жүзеге асыратын мемлекеттік органдар Ұйымдардың өз иелігiндегі уақытша бос ақшаны қаржы құралдарына, оның ішінде екінші деңгейдегі банктердің депозиттеріне орналастыруын қамтамасыз ету ұсынылды. Осылайша, №960 қаулы мемлекеттік қазыналық кәсіпорындарға қолданылмайды.