Бюджет кодексінің (бұдан әрі – Кодекс) 41-бабының 1 және 2-тармақтарында бюджеттік бағдарлама әкімшісінің бірінші басшысының және бюджеттік бағдарлама басшысының бюджет қаражатының тиімсіз жоспарланғаны және (немесе) тиімсіз пайдаланылғаны үшін жауапкершілігі көзделген.
Кодекстің 5-бабына сәйкес бюджеттік бағдарламалардың әкімшісі – бюджеттік бағдарламаларды жоспарлауға, негіздеуге, іске асыруға және олардың нәтижелеріне қол жеткізуге жауапты, өзіне Қазақстан Республикасының заңнамасында жүктелген функцияларға, өкілеттіктер мен құзыреттерге сәйкес айқындалатын мемлекеттік орган.
Бюджеттік бағдарлама әкімшісінің бірінші басшысы – осы органға бекітілген тұтастай барлық бюджеттік бағдарламалар бойынша жоспарлауға, бөлуге және орындауға толық жауапты мемлекеттік органның немесе мекеменің жоғары лауазымды тұлғасы.
Бұл ретте, мемлекеттік органның немесе мекеменің ішінде қандай да бір бюджеттік бағдарлама бойынша міндеттердің орындалуын үйлестіретін жауапты лауазымды адамдар бар.
Осылайша, бюджеттік бағдарламаның басшысы – бюджеттік бағдарламаның жоспарлануы мен орындалуын, сондай-ақ бюджеттік рәсімдер мен тәртіптің сақталуын қамтамасыз ететін бюджеттік бағдарламалар әкімшісінің лауазымды адамы.
Бұл лауазымды тұлға бюджеттік бағдарламаны іске асыру үшін қаражатты жоспарлаумен, сондай-ақ оның орындалуын және іске асырылу мониторингін қамтамасыз етумен айналысады.
Басқаша айтқанда, әрбір бюджеттік бағдарламаға бюджеттік бағдарламаның басшысы – бюджеттік бағдарламаны жоспарлауды және орындауды қамтамасыз ететін бюджеттік бағдарламалар әкімшісінің лауазымды адамы бекітіледі.
Сонымен қатар, бюджеттік бағдарламаның басшысын тағайындау мемлекеттік органның немесе мекеменің бірінші басшысы арқылы жүзеге асырылады.
Бюджет қаражатының тиімсіз жоспарланғаны және тиімсіз пайдаланылғанына не жатады сұраққа қатысты
Кодекстің 41-бабының 1-тармағына сәйкес бюджет қаражатын тиімсіз жоспарлағаны және/немесе тиімсіз пайдаланғаны үшін:
- бекітілген заттай нормалардан асып кетуден;
- ҚР бюджет заңнамасында көзделген құжаттардың (инвестициялық ұсыныстың, ТЭН, ҚЭН, ЖСҚ) және/немесе олар бойынша тиісті органдар және/немесе ұйымдар шешімдерінің (қорытындыларының, сараптамаларының) болмауы;
- егер ҚР заңнамасында өзгеше көзделмесе, тиісті ББӘ балансында есепте тұрмаған объектілерді күтіп-ұстауға бюджет қаражатын жұмсау;
- егер ҚР заңнамасында өзгеше көзделмесе, ҚР заңнамасында белгіленген тәртіппен пайдалануға енгізілмеген объектілерді күтіп-ұстауға бюджет қаражатын жұмсау;
- мемлекеттік инвестициялық жобаларды іске асырудан экономикалық тиімділік болмаған жағдайда, «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодекстің (100 АЕК) 234-1-бабына сәйкес мемлекеттік органдардың бірінші басшыларына айыппұл салу көзделген.
Яғни, Кодексте тиімсіз жоспарлау тиімсіз пайдалануға әкелген жағдайларда бюджет қаражатын тиімсіз жоспарлау және/немесе тиімсіз пайдалану үшін жауапкершілік көзделген.
Бұдан басқа, Кодексте бюджеттік бағдарламалар басшыларының бюджеттік бағдарламалардың паспорттарында көзделген түпкілікті нәтижелерге қол жеткізбеуінен, оның ішінде бюджет қаражатын толық игеру кезінде бюджеттік бағдарламалардың тиімсіз орындалуы үшін жауапкершілігі көзделген.
Бюджеттік бағдарламалардың паспорттарында пайдаланылатын бюджет қаражатының сапалық сипаттамасын көрсететін түпкілікті нәтижелер көзделеді.
Бұл ретте аудиторлық іс-шараны өткізу кезінде жоспарланған нәтижелерге қол жеткізу нақты нәтижелермен салыстырылады.
Басқаша айтқанда, бюджеттік бағдарламалардың тиімсіз орындалуы – бұл бюджеттік қаражат толық көлемде игерілгенімен, түпкілікті нәтиженің қол жеткізілмеген кезде.