Ағаштарды кесуге рұқсатты алу үшін egov.kz порталы арқылы өтінім беру қажет.
Ағаштарды кесуге рұқсат келесі жағдайларда талап етіледі: егер ағаштар қоғамдық аумақтарда, құрылыс кезінде, қайта жаңарту немесе абаттандыру жұмыстарын жүргізу барысында кесілуі қажет болса.
Іс-қимыл тәртібі
1. Сіздің жағдайыңыз рұқсатты қажет ететін санатқа кіретінін анықтаңыз.
2. Қажетті құжаттарды Қағидаларға сәйкес дайындаңыз.
3. Өтінішті келесі портал арқылы жіберіңіз:
• egov.kz
4. Рұқсатты алу – 10 жұмыс күні ішінде жүзеге асырылады.
Қажетті құжаттар тізімі
Кесу себебіне байланысты (құрылыс, қайта жаңарту, абаттандыру):
• Электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) арқылы расталған өтініш (Қағидалардағы 2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша);
• Жер учаскесіне құқық белгілейтін құжаттың көшірмесі (егер «Жылжымайтын мүлік регистрі» базасында тіркелмеген болса);
• Экологиялық сараптама қорытындысы;
• Жасыл желектерге жүргізілген түгендеу және орман-патологиялық зерттеу материалдары;
• Өтемдік ағаш отырғызу жоспары;
• Көшеттерді отырғызу мерзімі көрсетілген өтемдік отырғызу туралы кепілхат;
• Өтемдік көгалдандыруды жүзеге асыратын ұйыммен жасалған шарт.
"Қалалар мен елді мекендердің аумақтарын абаттандырудың үлгілік қағидаларын және "Ағаштарды кесуге рұқсат беру" мемлекеттік қызмет көрсету қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 20 наурыздағы № 235 бұйрығы.