Арыз, хабарлама, үн қосу, ұсыныс, сұрату негізінде қозғалған әкімшілік рәсімнің мерзімі өтініш түскен күннен бастап 15 жұмыс күнін құрайды.
Көрсетілген мерзім әкімшілік орган басшысының уәжді шешімімен ұзартылуы мүмкін.
Шағымды қарау мерзімі ол келіп түскен күннен бастап 20 жұмыс күнін құрайды.
Заңгерлік көмек көрсетуіне байланысты адвокаттың сұратуына жазбаша жауап келіп түскен күнінен бастап 10 жұмыс күні ішінде беріледі.
Егер сұратудың өзінде өзгеше көрсетілмесе, БАҚ-тың сұратуына жауап ол келіп түскен күннен бастап 7 жұмыс күні ішінде ұсынылады. Қарау мерзімі бір рет ұзартылуы мүмкін.
Ақпарат беру туралы жазбаша сұратуға жауап ақпарат иеленушіге келіп түскен күннен бастап күнтізбелік 15 күн ішінде беріледі.
Жазбаша сұрату бойынша ақпарат беруден бас тарту туралы уәжді жауап сұрату тіркелген күннен бастап 5 жұмыс күні ішінде ақпаратты пайдаланушының назарына жеткізіледі. Қарау мерзімін ақпарат иеленушінің басшысы ұзарту күнінен бастап үш жұмыс күні ішінде өтініш берушіні хабардар ете отырып, күнтізбелік он бес күннен аспайтын мерзімге бір рет ұзартуы мүмкін.
Тікелей мемлекеттік қызмет көрсететін органның атына келіп түскен көрсетілетін қызметті алушының мемлекеттік қызмет көрсету мәселелері жөніндегі шағымы тіркелген күнінен бастап 5 жұмыс күні ішінде қарауға жатады.
Мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын бағалау және бақылау жөніндегі уәкілетті органның (Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі және оның аумақтық бөлімшелері) атына келіп түскен көрсетілетін қызметті алушының шағымы тіркелген күнінен бастап 15 жұмыс күні ішінде қарауға жатады.
Атқарушылық әрекеттер жасауға байланысты сот орындаушыларының (мемлекеттік те, жеке де) сұратулары 3 күн ішінде қаралады.
Салық төлеушінің (салық агентінің) шағымы бойынша ол тіркелген күннен бастап 30 жұмыс күнінен аспайтын мерзімде уәжді шешім шығарылады.
Салық мониторингіне жататын салық төлеушінің шағымы тіркелген күнінен бастап қырық бес жұмыс күні ішінде қаралады.