Еңбек кітапшамдағы жазба «Қазақ ССР» деген жазуы бар мөрмен куәландырылса не істеуім керек?
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің 1992 жылғы 15 шілдедегі «Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің және Қазақстан Республикасы халық депутаттары жергілікті Кеңестерінің елтаңбалы мөрлері туралы» қаулысымен: Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының 1981 жылғы 25 желтоқсандағы № 1993-XII «Қазақ КСР халық депутаттары жергілікті Кеңестерінің елтаңбалы мөрлері туралы» қаулысының; Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының 1990 жылғы 19 қаңтардағы № 4451-ХI «Қазақ КСР халық депутаттары жергілікті Кеңестері төралқаларының елтаңбалы мөрлері туралы» қаулысының күші жойылды деп танылды. Сонымен қатар, 1993 жылғы 28 қаңтардағы Қазақстан Республикасы Конституциясының күшіне енген күні 1978 жылғы Қазақ КСР Конституциясы (Негізгі Заңы) өз күшін тоқтатты. Қазақстан Республикасы Конституциясының 6-бабына сәйкес ( өтпелі ережелер-1995 жылғы 30 тамыздағы Конституцияның қабылдануына байланысты күші жойылды ) екі жыл ішінде нормативтік құқықтық актілер мен өзге де құжаттар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкестендірілді. Өтпелі кезеңді ескере отырып, "Қазақ КСР" мәтіні бар мөрмен расталған еңбек кітапшасындағы жазбалар 1995 жылғы қаңтарға дейінгі жұмыс кезеңдері үшін зейнетақы төлемдерін есептеу кезінде есепке алынады. 1995 жылғы қаңтардан кейінгі жұмыс кезеңінде "Қазақ КСР" мәтіні бар мөрді пайдалану заңнама талаптарына сәйкес келмейді. Мұндай жағдайларда жұмыс кезеңі қосымша растауды талап етеді. Егер ескі үлгідегі мөр жұмыс берушінің (кадр қызметінің) кінәсінен қойылса, азамат еңбек қызметі фактісін растайтын қосымша құжаттарды ұсыну қажет, оның ішінде мұрағат мекемелерінің анықтамаларын, мемлекеттік немесе ведомстволық мұрағаттың уәкілетті қызметкерінің электрондық цифрлық қолтаңбасымен куәландырылған мұрағат құжаттарының электрондық көшірмелерін, жұмыс орнынан берілген анықтама. Растайтын құжаттар болмаған жағдайда, жұмысқа орналасу фактісі сотта анықталуы керек.