Еңбек кітапшасында түзетулер болса немесе ұйымның мөрі болмаса, еңбек өтілінде еңбек кітапшасы бойынша жұмыс кезеңдері есепке алынады ма?
Қазақстан Республикасында зейнетақымен және әлеуметтік қамсыздандырудың құқықтық негіздері Қазақстан Республикасының 2023 жылғы 20 сәуірдегі № 224-VII әлеуметтік Кодексімен (бұдан әрі - Кодекс), сондай-ақ Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2023 жылғы 22 маусымдағы № 232 бұйрығымен бекітілген Мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің, жасына байланысты зейнетақы төлемдерінің мөлшерлерін есептеу (айқындау), тағайындау, жүзеге асыру, тоқтата тұру, қайта есептеу, қайта бастау, тоқтату және тағайындау (тағайындаудан бас тарту) туралы шешімді қайта қарау қағидаларымен (бұдан әрі – Қағида) реттеледі. Кодекстің 209-бабына сәйкес жасына байланысты зейнетақы төлемдерін есептеу үшін еңбек өтілі 1998 жылғы 1 қаңтарға дейінгі кезең үшін есепке алынады. Еңбек өтілі еңбек кітапшасымен расталады, ал еңбек кітапшасы немесе онда тиісті жазбалар болмаған кезде жұмысы туралы мәліметтерді растайтын құжаттар не соттың шешімі негізінде белгіленеді. Сонымен қатар, Кодекстің 206-бабына сәйкес 1998 жылдан кейінгі жұмыс кезеңдері мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің мөлшерін есептеу үшін міндетті зейнетақы жарналары ( бұдан әрі – МЗЖ ) жүзеге асырылған кезеңдер есептеледі. Міндетті зейнетақы жарналары жүзеге асырылған кезең орталықтандырылған дерекқордағы МЗЖ аудару туралы мәліметтермен расталады Еңбек кітапшаларын толтыру тәртібі Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 30 қарашадағы № 929 бұйрығымен бекітілген Еңбек кітапшаларын жүргізу және сақтау қағидаларында белгіленген (анықтама: КСРО Мемлекеттік еңбек комитетінің 1974 жылғы 20 маусымдағы N 162 қаулысымен бекітілген кәсіпорындарда, мекемелерде және ұйымдарда еңбек кітапшаларын жүргізу тәртібі туралы Нұсқаулық). . Жұмысқа қабылдау, еңбек шартын тоқтату, басқа жұмысқа ауыстыру туралы еңбек кітапшасындағы барлық жазбалар жұмыс берушінің тиісті актісі шыққаннан кейін енгізіледі және оның мәтініне сәйкес келуі тиіс. Қызметкердің еңбек қызметі туралы мәліметтердің дұрыс немесе дұрыс емес жазылғаны анықталған жағдайларда түзетулерді тиісті жазба енгізілген жұмыс беруші не оның құқықтық мирасқоры жүргізеді. Еңбек кітапшасын ресімдеуге қойылатын талаптар сақталмаған жағдайда не жазбаның дұрыстығына күмән болған жағдайда жұмыс өтілі мұрағат мекемелерінің анықтамасымен, мемлекеттік немесе ведомстволық мұрағаттың уәкілетті қызметкерінің электрондық цифрлық қолтаңбасымен куәландырылған мұрағат құжаттарының электрондық көшірмелерімен, жұмыс орнынан анықтамамен расталуы мүмкін. Мұрағаттық құжаттар болмаған жағдайда немесе елеулі сәйкессіздіктер болған жағдайда еңбек қызметінің фактісі заңды факт ретінде сот тәртібімен белгіленуі тиіс.