Жаңа мемлекеттік жоспарлау жүйесі нені білдіреді?

    Қазақстан Республикасының Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі

    Сұрақ

    Жаңа мемлекеттік жоспарлау жүйесі нені білдіреді?

    Жауап

    Жаңа Мемлекеттік жоспарлау жүйесі реформаларды әртүрлі деңгейлерде қарастыра отырып, салалық дамуды да назардан тыс қалдырмайтын «Бір ел – бір стратегия» қағидатын іске асырады.

    Мемлекеттік жоспарлаудың маңызы бірнеше есе артты, өйткені пандемия бұрыннан бар сын-қатерлерді ушықтырып, жаңа қауіптерді туындатты. Мұндай жағдайларда бірде-бір мемлекеттік орган жеке өзі жұмыс істей алмайды және жұмыс істемеуі тиіс. Қиындықтар тек экономика немесе денсаулық сақтау салаларымен ғана шектелмейді – мәселе кешенді сипатқа ие, сондықтан оны үйлесімді әрі үйлестірілген түрде шешу қажет.

    Бұл ретте Агенттіктің рөлі үйлестіруші функцияны атқаруға бағытталады, ал жаңа Мемлекеттік жоспарлау жүйесі өзара байланыстырушы тетік, икемді архитектура ретінде қызмет етуі тиіс. Оның аясында түрлі құжаттар мен бағдарламалар бір-бірін толықтырып, үйлесімді түрде қатар жүзеге асырылады.

    Жаңа Мемлекеттік жоспарлау жүйесіне кіретін құжаттардың басты мақсаты – «Қазақстан–2050» стратегиясы шеңберінде қойылған ұзақ мерзімді міндеттерді орындау.

    Ұқсас материалдар

    Сұрақ

    Мемлекеттік аппаратты бюрократиядан арылтудың қандай негізгі қағидаттары бар?

    Жауап

    1) мәнінің пішіннен басымдығы — нақты және өлшенетін нәтижесінің оған қол жеткізу бойынша жұмыс пішінінен басымдығы; 2) әдепкі бойынша цифрландыру — мемлекеттік органдардың азаматтармен, бизнеспен және өзара цифрлық форматта жан-жақты өзара іс-қимылының басымдығы; 3) басқарушылық жауапкершілік — нақты басшының құзыреті аясына кіретін мәселелерді жоғары тұрған деңгейге және алқалы органдарға беруге және келісуге жол бермеу; 4) үздіксіз жетілдіру — бюрократияны қысқартуды, жүйелік реинжинирингті және ішкі рәсімдер мен процестерді оңтайландыруды ынталандыратын мемлекеттік аппараттың ұйымдастырушылық мәдениетін қалыптастыру және қолдау; 5) регламенттеудің оңтайлылығы — мемлекеттік органдардың қызметін регламенттеудің оңтайлы қажетті деңгейін белгілеу, жеткіліксіз негізделген жаңа бюрократиялық талаптарды, есептілік пен бақылау түрлерін енгізуге жол бермеу.

    Сұрақ

    Қазақстан Республикасында мемлекеттік жоспарлау жүйесі деген не?

    Жауап

    Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік жоспарлау жүйесі – бұл ұзақ мерзімді (5 жылдан астам) және орта мерзімді (бір жылдан қоса алғанда 5 жылға дейін) кезеңдерге арналған құжаттардан, қатысушылардан, процестер мен деректерді басқару қағидаттары мен элементтерінен тұратын өзара байланысқан құрамдастар кешені.

    Сұрақ

    Тұжырымдамаларды, ұлттық жобаларды, доктриналарды (стратегияларды), мемлекеттік бағдарламаларды, кешенді жоспарларды, жол карталарын әзірлеу, іске асыру, түзету және мониторингтеу тәртібіне сәйкес (Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрінің 2024 жылғы 29 қазандағы № 260 бұйрығымен бекітілген) кешенді жоспар әзірлеу көзделеді. Кешенді жоспар қандай құрылымдық элементтерді қамтиды? Оны әзірлеу қандай құжаттар және шешімдер негізінде жүзеге асырылады?

    Жауап

    Кешенді жоспар Қазақстан Республикасы Президентінің немесе Премьер-Министрінің тапсырмасы бойынша дамудың маңызды салалық мәселелерін жедел шешу үшін 5 жылдан аспайтын мерзімге әзірленеді. Кешенді жоспардың құрылымына мыналар кіреді: паспорт, күтілетін нәтижелер, іс-шаралар (нақты іс-қимылдар), іс-шараларды аяқтау нысаны, іс-шараларды орындау мерзімдері, жауапты орындаушылар, қаржыландыру көлемі, қаржыландыру көздері.

    Сұрақ

    Мемлекет басшысының «Экономиканы ырықтандыру жөніндегі шаралар туралы» 2024 жылғы 8 мамырдағы № 542 Жарлығының негізгі мақсаты қандай?

    Жауап

    Жарлықтың мақсаты — мемлекеттің бизнеске қатысуын азайту, жеке секторды дамыту, реттеуді жеңілдету және кәсіпкерлердің құқықтарын қорғауды күшейту есебінен неғұрлым бәсекеге қабілетті және ашық экономиканы қалыптастыру.

    Сұрақ

    Сервистік және адамға бағдарланған мемлекеттік басқару моделін қалыптастыру үшін не қажет?

    Жауап

    Сервистік және адамға бағдарланған мемлекеттік басқару моделін қалыптастыру үшін келесі міндеттерді іске асыру қажет: - клиентке бағдарланған және ашық мемлекеттік аппаратты қалыптастыру; - стратегиялық және бюджеттік жоспарлау тәсілдерін, сондай-ақ реформаларды жүргізу тетіктерін жетілдіру; - оңтайлы әрі тиімді мемлекеттік аппаратты қалыптастыру; - азаматтардың қажеттіліктеріне негізделген проактивті мемлекеттік қызметтерге көшу; - адами ресурстардың сапасын арттыру және мемлекеттік аппараттың кәсібилігін күшейту; - тиімді, оңтайлы және ашық квазимемлекеттік секторды қалыптастыру; - жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін одан әрі жетілдіру; - бизнесті дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасау; - сервистік мемлекет моделін қалыптастыру мақсатында сот жүйесін, мемлекеттік басқаруды және құқық қорғау жүйесін трансформациялау.

    Сұрақ

    Мемлекет пен азаматтардың өзара іс-қимылының «бірыңғай терезесі» дегеніміз не және ол не үшін құрылады?

    Жауап

    Халыққа қызмет көрсету орталықтарының базасында азаматтардың өтініштерін қабылдайтын бірыңғай орталық, яғни «бірыңғай кіру нүктесі» құрылатын болады. Осы жүйе арқылы азаматтар әртүрлі мемлекеттік органдарға өтініштер жолдау мүмкіндігіне ие болып, өз мәселелерін ыңғайлы әрі жедел шешуге қол жеткізеді. «Бірыңғай терезенің» негізгі мақсаты – мемлекет пен азаматтар арасындағы өзара іс-қимылды жеңілдету, мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігін арттыру және азаматтардың өтініштерін қарау тиімділігін қамтамасыз ету.

    Сұрақ

    Қазақстанда жергілікті өзін-өзі басқару институты алдағы уақытта қалай дамиды?

    Жауап

    Азаматтардың өмір сүру сапасын арттыру мақсатында жергілікті тұрғындармен тығыз өзара іс-қимыл негізінде шешімдерді жергілікті деңгейде қабылдау маңызды. Бұл жергілікті атқарушы органдар қызметінің тиімділігін едәуір арттырып, мемлекет пен азаматтар арасындағы өзара байланысты күшейтеді. Осы мақсатта жергілікті атқарушы органдарға аумақтарды дамыту, қоғамдық кеңістіктерді абаттандыру, жергілікті көлік, әлеуметтік және өзге де инфрақұрылымды дамыту, базалық қызметтер көрсету мәселелері бойынша қажетті өкілеттіктер мен құралдар беріледі. Сонымен қатар, реттеудің және фискалдық саясаттың баламалы тетіктерін қолдану мүмкіндігі қарастырылады. Жергілікті атқарушы органдардың дербестігін арттыру олардың халық алдындағы есептілігін қоғамдық бақылау және азаматтық институттар арқылы күшейтуді көздейді. Аудандар мен елді мекендер бюджеттерінің инфрақұрылымдық және әлеуметтік бастамаларға арналған қоғамдық маңызы бар шығыстары қоғамдық сараптамадан өтеді, оның ішінде онлайн сауалнамалар қолданылатын болады. Жергілікті атқарушы органдар құрылымы мен мазмұны бойынша қатаң шектеулерсіз өздерінің даму бағдарламаларын әзірлейтін болады. Ауылдар, кенттер, аудандық маңызы бар қалалар және ауылдық округтер деңгейінде толыққанды жергілікті өзін-өзі басқаруды енгізу ерекше маңызға ие. Жергілікті өзін-өзі басқарудың міндетті элементтері мыналар болуы тиіс: өкілді орган құру; елді мекендерді даму бюджеттерімен қамтамасыз ету; ауылдар, кенттер, ауылдық округтер, аудандық және облыстық маңызы бар қалалар, сондай-ақ аудандар әкімдерін тікелей сайлауды өткізу. Мемлекеттік басқару органдары мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарының өкілеттіктерін нақты ажырату қажет. Мемлекеттік басқару органдарының жергілікті өзін-өзі басқару органдарының шаруашылық қызметіне араласуына жол берілмеуі тиіс. Жергілікті жерлерде жүзеге асырылатын барлық бағдарламалар жергілікті өзін-өзі басқару органдарының бақылауымен орындалуы қажет. Жергілікті өзін-өзі басқаруды одан әрі дамыту тетіктері Қазақстан Республикасында жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытудың жеке тұжырымдамасы шеңберінде көзделетін болады. Аталған тұжырымдама қазіргі уақытта Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі тарапынан мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп әзірленуде.

    Сұрақ

    Қазақстанда құқық қорғау жүйесі алдағы уақытта қалай дамиды?

    Жауап

    Мемлекет басшысы 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында атап өткендей, құқық қорғау жүйесі мемлекеттің азаматтар мүддесіне қызмет етуінің жаңа стандарттарын қалыптастыруда негізгі рөл атқаратын болады. Құқық қорғау органдары қызметінің тиімділігін бағалаудың басты өлшемдерінің бірі халықтың сенім деңгейі болады. Осы көрсеткішке қол жеткізу мақсатында құқық қорғау органдарының қызметін сервистік модельге көшіру жұмыстары жалғасады. Бұл ретте негізгі назар құқық бұзушылықтардың салдарымен күресуден олардың алдын алуға аударылады. Құқық қорғау органдары әлемдегі озық тәжірибелерге негізделген сервистік модель талаптарына сәйкес трансформацияланып, халықтың қауіпсіздігін тиісті деңгейде қамтамасыз етуге және азаматтардың қанағаттану деңгейін арттыруға бағытталады. Құқық қорғау органдары қызметінің тиімділігін күшейту үшін кадрларды кәсіби іріктеу сапасы жетілдіріліп, қызметке қабылдау және қызметтік өсу кезінде меритократия қағидаты қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар, заманауи тәсілдер мен цифрлық технологияларды пайдалану арқылы қызметкерлердің кәсіби дамуы үздіксіз қолдау табатын болады.

    gov.5n.kz

    Ашық деректер мен ресми дереккөздердің жарияланымдарын талдаймыз. Материалдар жылдам іздеу және мониторинг үшін бір лентаға жиналған.

    © 2026 gov.5n.kz. Мемлекет туралы ақпараттық-талдамалық портал.