"Скрининг"- бұл әртүрлі аурулардың ерте сатысында дамуын, сондай-ақ олардың пайда болуына ықпал ететін қауіп факторларын анықтау және олардың алдын алу мақсатында клиникалық симптомдары мен шағымдары жоқ халықты медициналық тексеру кешені. Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау министрінің 2025 жылғы 29 шілдедегі № 71 бұйрығында скринингтік бағдарламалар белгілі жас және нысаналы топтарда ауруларды ерте анықтауға бағытталған. 40–76 жастағы ерлер мен әйелдер артериялық гипертензияны, жүректің ишемиялық ауруын, қант диабетін, глаукоманы және мінез-құлыққа байланысты қауіп факторларын ерте анықтау мақсатында кешенді скринингтен өтеді. 40–76 жастағы әйелдер қосымша сүт безі обырына, ал 30–74 жастағы әйелдер жатыр мойны обырына скринингтік тексеруден өтеді. 50–76 жастағы ерлер мен әйелдер колоректальды обырды ерте анықтау үшін, ал осы жастағы ерлер инсульт даму қаупін бағалау үшін скринингтен өтеді. В және С вирусты гепатиттерін ерте анықтауға арналған скрининг тәуекел топтарына жүргізіледі. Оларға инвазивті процедуралармен жұмыс істейтін медицина қызметкерлері, операцияға дайындалып жатқан пациенттер, онкология, гематология, трансплантология және гемодиализ бөлімшелеріндегі науқастар, жүкті әйелдер және АИТВ жұқтыру қаупі жоғары топтар жатады. Скринингтің мақсаты — В және С вирусты гепатиттерін ерте анықтау.