Мемлекеттік мүлікті жалға алу Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 17 наурыздағы №212 бұйрығымен бекітілген қағидаларға сәйкес жүзеге асырылады. Бұл тәртіп бойынша жалға алу процесі толықтай электрондық форматта арнайы «Е-Qazyna» портал арқылы жүргізіледі.
Жалға алу үшін кәсіпкер немесе жеке тұлға алдымен арнайы «Е-Qazyna» порталға тіркелуі қажет. Тіркелгеннен кейін ол қолжетімді объектілер тізімінен қажетті мүлікті таңдап, оған электрондық өтінім береді. Порталда әрбір объект туралы толық ақпарат көрсетіледі, соның ішінде объектінің атауы, мекенжайы, орналасқан жері, жалпы ауданы (шаршы метр).
Өтінім берілгеннен кейін ол порталға 5 күн мерзімге орналастырылады. Осы уақыт ішінде басқа тұлғалар да өтінім бере алады.
Егерде объектілерді мүліктік жалдауға (жалға алуға) беруге екі немесе одан да көп өтінім берілген жағдайда, оларды мүліктік жалдауға (жалға алуға) беру тендер өткізу арқылы жүзеге асырылады.
Егер 5 күн ішінде екінші өтінім түспесе, онда өтінім берген тұлғамен тікелей жалдау шарты жасалады.
Ал егер осы мерзім ішінде қосымша өтінім түссе, онда міндетті түрде электрондық тендер өткізіледі. Тендерге қатысу үшін үміткерлер кепілдік жарна төлеуі тиіс. Кепілдік жарнаның мөлшері мен тендер өткізу шарттарын тендерлік комиссия белгілейді.
Тендер қорытындысы бойынша ең жоғары баға ұсынған және барлық талаптарға сәйкес келетін қатысушы жеңімпаз болып танылады. Соның негізінде онымен мемлекеттік мүлікті жалға алу туралы келісімшарт жасалады.