
Жамбыл облысында кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және бизнеске қолайлы жағдай жасау бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Бұл туралы облыстық кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Нұралы Ергебаев мәлімдеді.
Оның айтуынша, 2025 жылы кәсіпкерлерден 110 өтініш түсіп, оның 68-і оң шешімін тапқан. Нәтижесінде 878 миллион теңге көлеміндегі мүліктік құқық қорғалды. Ал 2026 жылдың алғашқы бес айында 64 өтініш қаралып, кәсіпкерлердің пайдасына 638 миллион теңгенің мәселесі шешілген.
Өткен жылы жер қатынастары мен білім беру салалары бойынша шағымдар басым болса, биыл білім беру, мемлекеттік сатып алу және лизинг мәселелері жиі көтерілуде.
Прокуратура органдарымен бірлескен жұмыстардың нәтижесінде бес жүйелі мәселе шешіліп, бизнеске қатысты 16 негізсіз тексерудің жолы кесілген. Сондай-ақ 90 кәсіпкердің 160 миллион теңге көлеміндегі қаражатын қайтару мәселесі шешімін тапқан. Бұдан бөлек, 189 шаруа қожалығына бұрын берілген 377,2 миллион теңге субсидияны бюджетке қайтару талабының күші жойылған.
Кәсіпкерлер палатасы Экономикалық тергеп-тексеру департаментімен де тығыз жұмыс жүргізіп келеді. Соңғы екі жылда бірлесіп 50-ден астам іс-шара ұйымдастырылып, кәсіпкерлерге құқықтық қолдау көрсетілген.
Мемлекеттік сатып алу саласында да оң нәтижелер бар. 2025 жылы палата мамандарының қатысуымен өткен комиссия отырыстарында 10 компанияны жосықсыз қатысушылар тізімінен шығаруға қол жеткізілсе, биыл барлық 14 кәсіпкердің мүддесі қорғалған.
Палатаның араласуымен ірі инвесторлардың мәселелері де шешімін табуда. Соның бірі – «Алель Агро» компаниясына құс етін өндіруге арналған субсидиялардың төленуі. Қазіргі таңда компанияға 638,7 миллион теңге төленіп, қалған қаражатты маусым айының соңына дейін аудару жоспарланған.
Сонымен қатар, палата акваөсіруді субсидиялау қағидаларындағы кемшіліктер мен жекеменшік мектептерді қаржыландыруға қатысты мәселелерді көтеріп, заңнаманы жетілдіру бойынша ұсыныстар енгізген.
Өңірлік кәсіпкерлер палатасының мәліметінше, басты мақсат – кәсіпкерлер үшін қолайлы әрі тұрақты бизнес ортасын қалыптастыру және олардың құқықтарын тиімді қорғау.



