
Жазғы демалыстың басталысымен балалардың бос уақыты көбейеді. Ата – ананың қарауынсыз қалған олар ұзақ уақыт көшеде жүреді, сәйкесінше балалардың қатысуымен орын алатын оқыс оқиғалардың туындауы әбден мүмкін. Барлық мүдделі қызметтердің, барлық ересектердің, соның ішінде ата - аналардың міндеті – балалардың қатысуымен орын алатын оқыс оқиғалардың алдын алу ғана емес, сонымен бірге олардың заңсыз әрекеттерді жасауына ықпал ететін себептер мен жағдайларды азайту.Жазғы кезеңде өскелең ұрпақ арасында жиі кездесетін құқық бұзушылықтардың бірі - жолды белгіленбеген жерден немесе бағдаршамның тыйым салатын сигналына өту, заңды өкілдерінің еріп – жүруінсіз түнгі уақытта жүруі, сондай-ақ спирттік ішімдіктер ішуі. Шомылу маусымы әлі ашылмағанына қарамастан, жыл басынан бері Республика көлемінде балалардың суға кету деректері орын алуда. Өкінішке орай, биылғы жылы балалардың терезеден құлау деректері де бар. Балалар мен жасөспірімдер көбінесе ерекше және қауіпті жерлерде уақыт өткізуге тырысады. Құрылысы бітпеген ғимараттарда орын алатын оқыс оқиғалардың бірден – бір себебі осыдан туындайды. Жан жадыратар жазғы демалыс қызықты әрі қауіпсіз өту үшін әрбір ата – ана сақтық шараларын күшейтіп, балалардың табиғат аясында болсын, қала көшелерінде болсын велосипедпен, роликпен және скутермен жүргенде қауіпсіздік ережелерімен таныстыруы қажет. Сондай-ақ, балаларға заңсыз әрекеттердің салдары туралы үнемі еске салу маңызды. Ұрлық, бұзақылық, төбелеске қатысу – жасөспірімдердің жаз мезгілінде жиі жасалатын құқық бұзушылықтары. Балаларды қараусыз қалдыру жазатайым оқиғаларға алып келуі мүмкін. Сондықтан әрбір ата – ана баланың қауіпсіздігіне немқұрайлы қарамай, сақтық шараларын қатаң ұстанғандары абзал.



