
Абай облысында қоғамдық келісімді нығайту, халықтың медиасауаттылық деңгейін көтеру және этносаралық өзара іс-қимыл мәдениетін дамыту бағытындағы жұмыстар қарқынды жүріп жатыр. Осы мақсатта облыстық «Қоғамдық келісім» КММ мамандары өңірдегі бірқатар ірі кәсіпорындарда, атап айтқанда: «Эйкос» ЖШС, «КазПолиграф» ЖШС және «Силикат» ЖШС еңбек ұжымдарында ақпараттық-түсіндіру кездесулерін өткізді.
Жиын барысында қатысушыларға «Медиасауаттылық – қауіпсіз болашақтың кепілі», «Этномедиация» және «Этносаралық интеграция» секілді өзекті тақырыптар бойынша жан-жақты мағлұмат берілді.
Кездесудің негізгі бөлігі қазіргі ақпараттық кеңістіктегі сын-тегеуріндерге арналды. Мамандар еңбеккерлерге сыни ойлау дағдыларын қалыптастыру, ақпаратты жауапкершілікпен тұтыну, жалған ақпаратты анықтау және манипуляцияларға қарсы іс-қимыл жасау жолдарын түсіндірді. Қоғамдық тұрақтылықты сақтаудағы медиамәдениеттің рөлі мен ақпараттық қауіпсіздіктің маңызы ерекше атап өтілді.
Сондай-ақ, «Этномедиация» тақырыбы шеңберінде этносаралық қатынастардағы жанжалдардың алдын алу мен оларды реттеудегі медиациялық тетіктер талқыланды. Түрлі этнос өкілдері арасындағы диалогты нығайтудың тәжірибелік мысалдары келтіріліп, Қазақстан халқының бірлігін сақтаудың маңызы түсіндірілді.
Кездесу ашық диалог форматында өтті. Қызметкерлер өздерін мазалаған көкейкесті сұрақтарын қойып, нақты жауаптар алды. Мұндай іс-шаралар еңбек ұжымдарының ақпараттану деңгейін арттырып, бейбітшілік пен бірлік құндылықтарын қоғамда одан әрі дәріптеуге өз септігін тигізеді.



