
Медицина қызметкері күні қарсаңында өңір тұрғындарының санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығын қамтамасыз ету ісімен өмір жолын байланыстырған маман – Әсия Аманжолқызы Алетаеваға шынайы алғыс пен зор құрмет білдіріледі.
Әсия Аманжолқызы 1988 жылы Павлодар медициналық училищесін «Санитариялық фельдшер» мамандығы бойынша тәмамдап, санитариялық-эпидемиологиялық қызмет саласында еңбек жолын бастады. Көпжылдық қызметі барысында мол тәжірибе жинақтап, білікті, жауапты әрі өз ісіне адал маман ретінде үлкен беделге ие болды.
Ол ұзақ жылдар бойы санитариялық қызметтің маңызды міндеттерін жүзеге асыруға елеулі үлес қосып келеді. Оның кәсіби қызметі әрдайым жоғары жауапкершілігімен, адамдарға деген ілтипатты қарым-қатынасымен ерекшеленеді.
Көпжылдық адал еңбегі мен санитариялық-эпидемиологиялық қызметтің дамуына қосқан қомақты үлесі үшін Әсия Аманжолқызы Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің, Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті төрағасының және Павлодар облысы әкімінің Алғыс хаттарымен марапатталған.
Ұжым арасында зор құрметке ие Әсия Аманжолқызы таңдаған мамандығына адалдықтың, кәсібіне жауапкершілікпен қараудың жарқын үлгісі болып табылады. Адамдарға қызмет ету мен қоғам игілігіне қамқорлық жасау оның өмірлік басты ұстанымдарының біріне айналған.



