
Құрметті аудан тұрғындары! Ардақты ата-аналар мен ұстаздар! Қымбатты балақайлар!
Сіздерді 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Бұл мереке – балалардың құқықтарын қорғауға, олардың жарқын болашағын қамтамасыз етуге және өскелең ұрпаққа деген қамқорлықты арттыруға бағытталған ерекше күн. Балалар – әрбір отбасының бақыты, еліміздің ең қымбат қазынасы әрі мемлекетіміздің жарқын болашағы. Сондықтан жас ұрпақтың қауіпсіз әрі бақытты ортада өсіп-жетілуі, сапалы білім мен саналы тәрбие алуы – баршамыздың ортақ міндетіміз.
Мемлекет басшысы балалардың жан-жақты дамуына, сапалы білім алып, шығармашылық және спорттық қабілеттерін шыңдауына ерекше көңіл бөліп келеді. Осы бағытта ауданымызда балалардың қауіпсіз әрі қолайлы ортада білім алуын қамтамасыз ету, олардың зияткерлік, шығармашылық және спорттық әлеуетін дамыту бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру мақсатында спорттық нысандар мен түрлі үйірмелердің жұмысы дамытылып, жас ұрпақтың қабілеттерін ашуға және жан-жақты жетілуіне барлық жағдай жасалуда.
Баланың жарқын болашағы – ең алдымен отбасыдан басталады. Сондықтан ұрпақ тәрбиесі жолында аянбай еңбек етіп жүрген ата-аналарға, ұстаздарға және бала тәрбиесіне үлес қосып жүрген барлық азаматтарға шынайы алғысымды білдіремін. Сіздердің қамқорлықтарыңыз бен еселі еңбектеріңіздің арқасында өскелең ұрпақ білімді, тәрбиелі, елін сүйетін нағыз азамат болып қалыптасуда.
Қымбатты балалар!
Сіздер – еліміздің ертеңі, Тәуелсіз Қазақстанның жарқын болашағысыздар. Әрдайым білімге құштар, ізденімпаз, мақсатшыл болып өсіңіздер. Армандарыңыз асқақ болып, алға қойған мақсаттарыңыз орындала берсін. Биік белестерді бағындырып, ел игілігі жолында еңбек ететін азамат болып қалыптасуларыңызға тілектеспін. Балалық шақтарыңыз шаттық пен қуанышқа, бақыт пен жарқын сәттерге толы болсын!
Қадірлі аудан тұрғындары!
Осы айтулы мереке күні баршаңызға зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, бақ-береке мен баянды бақыт тілеймін. Әр шаңырақтан баланың шат күлкісі естіліп, ұрпағымыздың болашағы жарқын, келешегі кемел болсын!
Халықаралық балаларды қорғау күні құтты болсын!
Құрметпен,
Ақжайық ауданының әкімі
М.Сердалин



