
А.Ж.Алимжановтың төрағалығымен бюджет және жергілікті мемлекеттік басқару мен өзін-өзі басқаруды дамыту жөніндегі тұрақты комиссияның кеңейтілген отырысы өтті.
Комиссия жұмысына облыстық мәслихат депутаттары, облыстық басқармалардың және мемлекеттік органдардың басшылары қатысты.
Отырыс барысында екі мәселе қаралды:
- 2025 жылға арналған облыстық бюджеттің бюджеттік бағдарламалар әкімшілері бөлінісінде орындалуы туралы.
- Қарағанды облысының 2021-2025 жылдарға арналған даму жоспарының 2025 жылдағы іске асырылуы туралы.
Бірінші мәселе бойынша Қаржы және мемлекеттік активтер басқармасының басшысы Е.Б.Уахитовтың 2025 жылғы облыстық бюджеттің орындалуы туралы және Қарағанды облысы бойынша Тексеру комиссиясының төрайымы Д.Б.Мұхамеджанованың облыстық бюджеттің орындалуына жүргізілген мемлекеттік аудит қорытындылары жөніндегі баяндамалары тыңдалды.
Талқылау қорытындысы бойынша комиссия мүшелері бюджетті жоспарлау мен атқару сапасын одан әрі арттыру, бюджет заңнамасының сақталуын бақылауды күшейту, дебиторлық және кредиторлық берешекті қысқарту, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің активтерін пайдалану тиімділігін арттыру қажеттігін атап өтті.
Сондай-ақ облыстық бюджеттік бағдарламалар әкімшілеріне бюджеттік бағдарламалардың түпкілікті нәтижелеріне қол жеткізу, ведомстволық бағынысты ұйымдардың қызмет тиімділігін арттыру және бюджет шығындарының тәуекелдерін төмендету бағытындағы жұмыстарды күшейту ұсынылды.
Екінші мәселе бойынша Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының орынбасары Д.К.Әшкеновтың және Тексеру комиссиясының төрайымы Д.Б.Мұхамеджанованың Қарағанды облысының 2021-2025 жылдарға арналған даму жоспарының 2025 жылғы іске асырылуы туралы баяндамалары тыңдалды.
Талқылау барысында облыстық мәслихат депутаты Р.К.Әбдікеров өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты бірқатар өзекті мәселелерге назар аударды. Атап айтқанда, негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемінің төмендеуі, инфляция деңгейінің өсуі, бюджет борыштық жүктемесінің артуы, облыстық бюджеттің республикалық бюджеттен бөлінетін трансферттерге жоғары тәуелділігі, дебиторлық және кредиторлық берешектің сақталуы, сондай-ақ өңірдің ірі кәсіпорындарымен өзара іс-қимыл тиімділігін арттыру қажеттілігі атап өтілді.
Қарау қорытындысы бойынша комиссия Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасына, Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасына инвестициялық белсенділікті қолдау, өңдеуші өнеркәсіпті дамыту және еңбек өнімділігін арттыру бойынша қосымша шаралар қабылдауды ұсынды. Қарағанды облысының Полиция департаментіне жол-көлік оқиғаларының алдын алу, жолдардағы апаттылықты төмендету және жол қозғалысы ережелерін бұзушылықтарды автоматты түрде тіркеу жүйелерін кеңінен қолдану жөніндегі жұмысты күшейту ұсынылды.
Қаралған барлық мәселелер бойынша тиісті қаулылар қабылданды. Мемлекеттік органдарға комиссия ұсынымдары мен депутаттардың ұсыныстарының орындалуы туралы ақпаратты 2026 жылғы 25 маусымға дейін Қарағанды облыстық мәслихатына енгізу тапсырылды.



