
«Шымқала кештері» — қала тұрғындарын мәдениет пен өнер арқылы жақындастыратын, ұлттық ән өнерін ұлықтайтын, көңілге қуаныш сыйлайтын рухани алаңға айналды. Шымкенттің шырайлы кештерінде әсем әнге сусындап, өнердің жылуын сезінгісі келетіндер уақыт өткен сайын көбейіп келеді.
Бүгін күн ұясына қонып, кеш шапағы саябаққа жұмсақ реңк төккен сәтте дәл осындай концерттік бағдарлама Абай саябағында да көпшілікке ұсынылды. Мұнда Шымкент қалалық қуыршақ театрының әртістері өнер көрсетті. Театрландырылған әдеби-көркем қойылым іспетті өткен концерттік бағдарлама көрермендерге ерекше әсер қалдырды.
Төңіректегі көпқабатты үй тұрғындары әсем әуен ырғағын ести салысымен саябаққа жиналып, кештің көрігін қыздырды. Көңіл көкжиегін әсерлі концертпен кеңейткен көпшілік үшін мұндай мәдени кештер рухани демалыс алаңына айналуда.
Алдағы күндері де Шымкентте бірқатар ашық аспан астындағы концерттік бағдарламалар жалғасады. Ертеңгі кештер А. Асқаров атындағы Дендросаябақта Ж. Шанин атындағы академиялық қазақ драма театрының өнерпаздарының қатысуымен өтеді. Сонымен қатар, Шымкент қалалық әзіл-сықақ және сатира театрының әртістері Тәуелсіздік саябағында, ал Шымкент циркінің өнерпаздары Орталық саябақта өнер көрсетеді.
Шымкенттегі «Шымқала кештері» жобасы қала тұрғындарына мәдени-рухани серпіліс сыйлап, өнерді кеңінен насихаттауды жалғастыруда.



