ШҚО-да тауар өндірушілер арасындағы байқаудың қорытындысы шығарылды

    ШҚО-да тауар өндірушілер арасындағы байқаудың қорытындысы шығарылды

    Бүгін Қазақстанда жеңіл өнеркәсіп қызметкерлерінің күні атап өтіледі. Бұл кәсіби мереке тоқыма, тігін, аяқ киім және былғары өңдеу салаларында еңбек ететін, халықты күнделікті тұтынатын сапалы өнімдермен қамтамасыз ететін мамандарды біріктіреді. «Қазақстанның үздік тауары – 2026» байқауында «Халыққа арналған үздік тауарлар» номинациясы бойынша жеңіл өнеркәсіп саласындағы бірден үш кәсіпорын жеңімпаз атанды. Олар тігін бұйымдарын, былғарыдан жасалған өнімдерді және спорттық киімдерді өндірумен айналысады.

    Облыс орталығында отандық өнімді жаңа нарықтарға ұсынып жүрген жергілікті тауар өндірушілер қатысқан «Қазақстанның үздік тауары – 2026» өңірлік көрме-байқауының қорытындысы шығарылды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, байқаудың басты мақсаты – жергілікті өндірушілерді қолдау, шығарылатын өнімдер мен көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру, отандық брендтерді ілгерілету, өңірдің кәсіпкерлігі мен өндірістік әлеуетін одан әрі дамыту.

    «Жыл сайын шығарылатын өнім түрлері көбейіп, сапасы мен бәсекеге қабілеттілігі артып келеді. Біздің кәсіпорындар заманауи технологияларды сенімді түрде енгізіп, жаңа нарықтарды игеріп, өңірді ел ішінде де, шетелде де лайықты таныстырып жүр», - дедi ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов.

    Облыс әкімінің айтуынша, өңір кәсіпорындары дәстүрлі түрде республикалық деңгейде жоғары нәтижелер көрсетіп келеді.

    «Қазақстанның үздік тауары» байқауы өндірушілерге өздерін бүкіл елге танытуға, жаңа серіктестер мен сатып алушылар табуға, өз жұмысына объективті баға алуға мүмкіндік береді. Көптеген қатысушы үшін бұл – одан әрі өсудің және жаңа нарықтарға шығудың маңызды қадамы», - дедi ШҚО Кәсіпкерлер палатасының директоры Қайрат Мамырбаев.

    Оның айтуынша, конкурс отандық өндірушілерді қолдаудың және өңірлік брендтердің танымалдылығын арттырудың тиімді құралына айналды.

    Ал бизнес өкілдері көрмеге қатысу тек өз өнімдерін таныстыруға ғана емес, сонымен қатар әріптестерінің тәжірибесін зерделеуге, іскерлік байланыстар орнатуға және өндірісті жетілдіруге қосымша серпін алуға мүмкіндік беретінін атап өтеді.

    Өңірлік кезең қорытындысы бойынша Астанада өтетін республикалық байқауда ШҚО атынан қатысатын үздік кәсіпорындар анықталды. Олар елдің үздік өндірушісі атағы үшін бақ сынап, өңірдің жетістіктерін «Қазақстанда жасалған» ұлттық брендімен таныстырады.

    «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар» номинациясы бойынша жеңіске жеткендер: «Izoterm» өндірістік-сауда компаниясы» ЖШС – минералды мақтадан жасалған жылуоқшаулағыш материалдар өндірісі, «Силумин Восток» ЖШС, «MSK Group KZ» ЖШС – майлау материалдарын өндіру.

    «Халыққа арналған үздік тауарлар»: «Рауан» ӨКК ЖШС – тігін бұйымдарын өндіру, Шаяхметов ЖК – спорттық киімдер, Кожура ЖК – былғары бұйымдарын өндіру.

    «Үздік азық-түлік тауарлары»: «Айтас МП» ЖШС – шұжық өнімдері, «Молочный экспресс» ЖШС – сүт өнімдері, «Шығыс универсал» ЖШС – балық өңдеу.

    Сурет: ШҚО КП

    Дереккөз

    Ұқсас материалдар

    gov.5n.kz

    Ашық деректер мен ресми дереккөздердің жарияланымдарын талдаймыз. Материалдар жылдам іздеу және мониторинг үшін бір лентаға жиналған.

    © 2026 gov.5n.kz. Мемлекет туралы ақпараттық-талдамалық портал.