
Шомылу маусымының басталуына байланысты ШҚО ТЖД қызметкерлері өңірдегі су айдындарында профилактикалық жұмыстарды күшейтті. Өскеменде кезекті рейд өтіп, азаматтардың ең көп демалатын орындары қамтылды.
– Профилактикалық шараларға ШҚО ТЖД құтқарушылары, екінші құтқару батальонының әскери қызметшілері, полиция қызметкерлері, жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, көлік бақылау инспекциясы, кәсіпкерлік және өнеркәсіп, табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармаларының мамандары, волонтерлік ұйымдар қатысты. Рейдке қатысушылар демалушылармен судағы қауіпсіздік ережелерін сақтау қажеттілігі жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, қауіпсіздік талаптарын бұзғандарды анықтады, – делінген ШҚО ТЖД ақпаратында.
Ертіс өзені акваториясын бақылау үшін құтқарушылар катерлерді, гидроциклдерді және су зеңбіректі қайықтарды пайдаланды. Бұл жағалау сызығының, соның ішінде қолжетуі қиын учаскелерін де қамтуға мүмкіндік берді. Ал демалушыларды судағы қауіпсіздік ережелерімен кеңінен таныстыру мақсатында құтқарушылар «сөйлейтін» дрондарды қолданды.
– Патрульдеу қайғылы жағдайлардың алдын алуға және қауіпсіздік талаптарының бұзылуын анықтауға бағытталған. Шомылу маусымы басталғалы бері өңірде бір адам суға батып кетті. Қайғылы оқиғалардың негізгі себептері – жабдықталмаған және тыйым салынған жерлерде шомылу, қауіпсіздік ережелерін сақтамау, жүзу құралдарын пайдалану кезінде құтқару жилеттерінің болмауы, өз мүмкіндігін асыра бағалау, – деді ШҚО ТЖД бастығының орынбасары Исхар Савазов.
ШҚО ТЖД су айдындарында тек ресми рұқсат етілген орындарда ғана шомылу қажет екенін еске салады. Ережелерді бұзғаны немесе судағы қауіпсіздік талаптарын орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілік көзделген.
Фото: ШҚО ТЖД



