
2026 жылы 12 маусымда Ұлттық домбыра күні аясында Қостанай қаласында күй өнерін насихаттауға бағытталған «Күмбірле, қоңыр домбыра!» атты облыстық күйшілер байқауы өтті.
Шығармашылық додаға өңірдің түкпір-түкпірінен келген 9 дуэт қатысып, өз өнерлерін ортаға салды. Байқаудың негізгі мақсаты дуэттік домбыра орындау өнерін дамыту, ұлттық күй өнерін кеңінен насихаттау, жас музыканттардың шығармашылық әлеуетін қолдау және орындаушылық мәдениетін арттыру болып табылады.
Байқау шарты бойынша қатысушылар екі шығармадан орындады. Олар қазақтың дәстүрлі күй мектептерін қамтитын бір төкпе күй мен бір шертпе күйді орындап, өздерінің техникалық шеберлігі мен орындаушылық ерекшеліктерін көрсетті. Байқауға 18-40 жас аралығындағы домбырашылар қатысты.
Мәдениет қайраткері, домбырашы Сәлім Әуезханұлы Ізтілеуов қазылар алқасына төрағалық етіп, күй өнерінің білікті мамандары баға беріп, үздіктерді анықтады.
Байқау қорытындысы бойынша І орын Арқалық қаласының намысын қорғаған Әділ Ақановқа және Ерлан Шакировқа бұйырды.
ІІ орынға Федоров ауданының өнерпаздары Жандос Мырзахметов пен Ақжол Нұрлан ие болды.
ІІІ орын екі дуэтке берілді. Атап айтқанда, Сарыкөл ауданынан қатысқан Қайсар Ниязұлы мен Абай Сейдахметов, сондай-ақ Қарабалық ауданының өнерпаздары Әли Қаныбек пен Төлепберген Шыңғыс жүлдегер атанды.
«Үздік шертпе күй орындаушы»арнайы жүлдесі Әулиекөл ауданынан келген Ернар Акимов пен Айдар Айтжановқа берілді.
Қалған қатысушылар ұлттық өнерді дамытуға қосқан үлесі мен белсенділігі үшін сертификаттармен марапатталды.
Байқау ұлттық музыкалық мұраға деген құрмет қана емес, жас орындаушылар арасындағы тәжірибе алмасу, шығармашылық байланыстарды нығайту және дәстүрлі домбыра өнерін одан әрі дамыту алаңына айналды.



