
Маңғыстау облысының республикалық және жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарында жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Маңғыстау облысы Полиция департаменті патрульдік полиция ротасының командирі Тайман Аншыбаев өңірге танымал дәстүрлі әнші, термеші Оспан Құлсымақпен арнайы кездесу өткізді.
Облыс аумағындағы автожолдардың бірінде өткен кездесуде жол қозғалысы қауіпсіздігі, жүргізушілердің жауапкершілігі және жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтау мәселелері кеңінен талқыланды.
Кездесу барысында Оспан Күлсымақ өз өміріндегі ең ауыр кезеңдердің бірі болған жол-көлік оқиғасын еске алды. Өнер иесі апаттан кейін 18 күн бойы комада жатқанын айтып, ұзақ уақыт ем қабылдап, оңалту кезеңінен өткенін жеткізді.
– Жолда әрбір талаптың маңызы зор. Жылдамдық режимін сақтау, қауіпсіздік белдігін тағу, жүргізу мәдениеті мен жауапкершілік – адам өмірін сақтайтын басты қағидалар. Менің басымнан өткен жағдайды ешкімнің көрмеуін тілеймін, – деді Оспан Құлсымақ.
Сондай-ақ ол жолдағы бір ғана қателіктің адам тағдырын түбегейлі өзгертіп жіберуі мүмкін екенін атап өтті.
Кездесу соңында өнер иесі өңір тұрғындары мен барлық жүргізушілерді асықпай жүруге, қауіпсіздік талаптарын сақтауға және өз өмірі мен өзгенің өміріне жауапкершілікпен қарауға шақырды.
Маңғыстау облысы Полиция департаменті азаматтарды жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға және жолдағы қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға үндейді.



