
Мемлекеттік органдардың қатысуымен семинар-кеңес өттіМемлекеттік басқару сапасын арттыру, заңдылықты қамтамасыз ету және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу мақсатында уәкілетті мемлекеттік органдар өкілдерінің қатысуымен семинар-кеңес өткізілді. Спикерлер ретінде Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитеті департаментінің, облыстық прокуратураның және Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің өкілдері сөз сөйледі.
Іс-шара барысында инвесторлардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға бағытталған «прокурорлық сүзгі» тетігін іске асырудың өзекті мәселелері қарастырылды. Сонымен қатар қатысушылар сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарының алдын алу, жүргізілген сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін талдау нәтижелері және мемлекеттік органдар қызметінде жиі анықталатын бұзушылықтар мәселелеріне ерекше назар аударды.
Семинар аясында Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексінің жекелеген нормалары мен Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекске енгізілген өзгерістер бойынша түсіндірмелер берілді. Сондай-ақ әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы істерді қозғау және қарау кезінде процессуалдық нормаларды сақтау, Әкімшілік өндірістердің бірыңғай тізілімін жүргізу тәжірибесі және құқық қолдану қызметінің өзекті мәселелері талқыланды.
Қатысушылардың ерекше қызығушылығын жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау, заңнамада белгіленген мерзімдер мен рәсімдерді сақтау, сондай-ақ қабылданатын шешімдердің сапасын қамтамасыз ету мәселелері тудырды.
Бұдан бөлек, халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласында көрсетілетін мемлекеттік қызметтер және олардың сапасын арттыру мәселелері қозғалды.
Кездесу қорытындысы бойынша өзекті проблемалық мәселелерді ашық талқылау ұйымдастырылып, оның барысында қатысушылар пікір алмасып, қажетті түсіндірмелер алды. Өткізілген іс-шара мемлекеттік органдар арасындағы өзара іс-қимылды нығайтуға, құқықтық сауаттылықты арттыруға және құқық қолдану тәжірибесін жетілдіруге бағытталған маңызды алаң болды.



