
Облыстық мәслихатта экономика және бюджет мәселелері, депутаттық этика, заңдылық, экология және табиғатты пайдалану жөніндегі тұрақты комиссиялардың бірлескен отырысы өтті. Күн тәртібіндегі негізгі мәселе - 2025 жылға арналған облыстық бюджеттің атқарылуы туралы жылдық есеп болды.
Баяндамамен қаржы басқармасының, экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшылары, сондай-ақ Ақмола облысының Тексеру комиссиясының төрағасы сөз сөйледі.
Бюджеттің атқарылуы Қазақстан Республикасының Бюджет кодексіне және облыстық мәслихаттың шешімдеріне сәйкес жүзеге асырылғаны атап өтілді. Жыл ішінде өзекті міндеттерді жедел шешу мақсатында облыстық бюджетке 4 рет нақтылау және 26 рет түзету енгізілген.
Жыл қорытындысы бойынша кірістер мен шығыстар жоспары 99 пайызға орындалды. Облыстық бюджетке 643,1 млрд теңге түсті. Меншікті кірістер өткен жылмен салыстырғанда 13,7 пайызға өсіп, 107,8 млрд теңгені құрады. Түсімдердің негізгі бөлігін салықтық түсімдер қамтамасыз етті.
Бюджет шығыстарының жартысынан астамы әлеуметтік саланы қаржыландыруға бағытталды. Оның ішінде білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік көмек және әлеуметтік қамсыздандыру салалары бар. Экономиканың нақты секторын дамытуға 259 млрд теңге немесе жалпы шығыстардың шамамен 40 пайызы жұмсалды.
Отырыста сондай-ақ облыстың 2021-2025 жылдарға арналған даму жоспарының іске асырылу қорытындылары қаралды. 2025 жылдың қорытындысы бойынша экономиканың өсімі жоспарланған 6,3 пайыздың орнына 6,6 пайызды құрады. Жұмыссыздық деңгейі 4,5 пайызға дейін төмендеп, 34 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылды.
Тексеру комиссиясының ақпаратына сәйкес, бюджеттің орындалуы тұрақты әлеуметтік-экономикалық даму жағдайында жүзеге асырылды. Бюджеттің меншікті кірістерінің өсуі, дебиторлық берешектің азаюы және бюджеттік инвестициялық жобаларды іске асырудың оң нәтижелері атап өтілді.
Сонымен қатар, қоршаған ортаны қорғауға бөлінген жергілікті бюджет қаражатын жоспарлау мен пайдаланудың тиімділігіне жүргізілген аудит нәтижелері туралы ақпарат тыңдалды.
Облыстың даму жоспары бойынша орындалмаған жекелеген индикаторлар жөнінде салалық басқармалар басшыларының есептері тыңдалды. Талқылау қорытындысы бойынша депутаттар бюджеттік жоспарлаудың тиімділігін арттыру, бюджет қаражатын игеру сапасын жақсарту және өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштеріне қол жеткізу бойынша ұсынымдар берді.
Аталған мәселе облыстық мәслихаттың кезекті сессиясының қарауына енгізіледі.



