Абай облысының тұрғыны есірткі сақтағаны үшін қоғамдық жұмыстарға тартылды

    Абай облысының тұрғыны есірткі сақтағаны үшін қоғамдық жұмыстарға тартылды

    Абай облысының 60 жастағы тұрғыны жайылымда жүріп, жабайы өсетін қарасора өсімдігін жұлып алған. Кейін оны кептіріп, үйінде екі полимер қапқа салып сақтаған. Сараптама қорытындысына сәйкес, тәркіленген кептірілген марихуананың жалпы салмағы шамамен бір келіні құраған.

    Сот үкімімен ер адам кінәлі деп танылып, оған 100 сағат қоғамдық жұмыс жазасы тағайындалды.

    Сотталған азамат Семей қаласы Жаңасемей ауданының пробация қызметінің есебіне алынды. Онымен заңға бағынатын мінез-құлық қалыптастыруға және қайта құқық бұзушылықтың алдын алуға бағытталған профилактикалық, тәрбиелік және құқықтық түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.

    Пробация қызметкерлерімен әңгімелесу барысында ол соңғы он жылдан астам уақыт бойы жалғыз тұрып келе жатқанын айтқан. Жұбайымен ажырасқан, ал екі баласымен байланысы үзілген.

    Жазаны өтеу мақсатында ол өзі тұратын кент әкімдігіне аула сыпырушы ретінде жұмысқа орналастырылды. Қазіргі уақытта ол өзіне жүктелген міндеттерді адал атқарып, жіберген қателігін түзетуге тырысып жүр.

    — Мен ұзақ уақыт бойы өмірден түңілгендей күй кештім. Жалғыздық адамға қатты әсер етеді, жанында отбасың мен қолдауың болмағанда, біртіндеп өз іс-әрекеттеріңнің салдары туралы ойламайтын күйге түсесің. Мен де сондай жағдайға тап болдым. Қазір өткеніме көз жүгіртсем, жасаған ісім үшін қатты ұяламын. Бұл жағдайға өзімді өзім жеткіздім. Ең ауыры — балаларыммен байланысымның үзілуі. Қазір олардың өз отбасылары, өз өмірлері бар. Мен оларды жиі ойлаймын және бір күні мені естіп, бәрін түзетуге мүмкіндік береді деп үміттенемін. Немерелерім бар екенін біле тұра, оларды бірде-бір рет көрмегенім жанымды ауыртады. Бұл — өмірімдегі ең ащы өкінішім. Ендігі мақсатым — адал өмір сүріп, заң бұзбау және ең алдымен өзіме өзгеруге болатынын дәлелдеу, — деді сотталған.

    Жаңасемей ауданының пробация қызметінің аға инспекторы Серікбаев Мұрагердің айтуынша, пробация қызметінің негізгі міндеті — жазаның орындалуын бақылаумен қатар, сотталғандарға әлеуметтік және психологиялық қолдау көрсету.

    Аталған азаматпен кешенді жұмыс жүргізілуде. Оның қайта әлеуметтенуіне бағытталған шаралар қолға алынған. Жұмысқа орналастыру, профилактикалық әңгімелер және тұрақты бақылау оның өз қателігін түсініп, түзелу жолына түсуіне ықпал етуде. Қазіргі таңда оң өзгерістер байқалады. Ол алдағы уақытта дұрыс қорытынды шығарады деп сенеміз, — деді ол.

    Дереккөз

    Ұқсас материалдар

    gov.5n.kz

    Ашық деректер мен ресми дереккөздердің жарияланымдарын талдаймыз. Материалдар жылдам іздеу және мониторинг үшін бір лентаға жиналған.

    © 2026 gov.5n.kz. Мемлекет туралы ақпараттық-талдамалық портал.