
Бүгін Қаратөбе ауданы орталығында Мемлекеттік рәміздер күніне арналған «Ту, Елтаңба, Әнұран – бірлік символы» атты салтанатты жиын өтті.
Салтанатты шараға аудан тұрғындары, жастар, мекеме қызметкерлері мен қоғам өкілдері қатысып, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранын бірге орындады.
Жиын барысында аудан әкімі Қ.Сүйеуғалиев сөз сөйлеп, тұрғындарды мерекемен құттықтап, мемлекеттік рәміздердің ел өміріндегі маңызына тоқталды.
-Мемлекеттік рәміздер – Тәуелсіздігіміздің айқын белгісі, елдігіміздің еңселі нышаны. Көк Туымыз, Елтаңбамыз бен Әнұранымыз – халқымыздың бірлігі мен болашаққа деген сенімінің символы. Сондықтан әрбір азамат мемлекеттік рәміздерді құрметтеп, олардың мән-маңызын терең түсінуі қажет.
Ел Президенті Қ.Тоқаев «Көк байрағымыз мызғымас мемлекеттіліктің белгісі. Елтаңбамыз – азаттықтың айшықты көрінісі. Ал, Әнұранымыз – еркіндік пен елдіктің үні. Тәуелсіздіктің осы үш символы халқымызға ерекше рух береді. Әрқайсымыздың кеудемізге мақтаныш ұялатады. Өйткені бұл – бабаларымыздың орындалған арманы» деген болатын.
Мемлекеттік рәміздер – әрбір азаматтың патриоттық сезімін оятатын, ұлт рухын көтеретін үлкен күш. Оларды құрметтеу – біздің азаматтық борышымыз, ұрпақ алдындағы жауапкершілігіміз, - деді аудан басшысы Қадыржан Орынбасарұлы.
Одан соң мерекеге орай мемлекеттік тудың насихатталуына өзіндік үлес қосқандары үшін және елдік құндылықтарды ардақтаудағы азаматтық ұстанымдары мен туған жерге деген жанашырлықтары үшін Мұхит көшесінің тұрғындарын марапаттады.
Шара аудандық мәдениет үйі әншілерінің концерттік бағдарламасына ұласты.



