
2026 жылғы 10 шілдеде Алакөл ауданындағы «Alakol Resort» демалыс аймағында Ақши және Көктұма ауылдарының кәсіпкерлерімен жазғы туристік маусымның қауіпсіз өтуін қамтамасыз ету мәселелеріне арналған кеңейтілген кездесу өтті.
Кеңеске Жетісу облысы әкімінің орынбасары Марлен Қапашұлы Көлбаев, Алакөл ауданының әкімі Алмас Сапарғалиұлы Абдинов, Жетісу облысы Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Игорь Евгеньевич Жуков, сондай-ақ облыстың құқық қорғау органдарының өкілдері, оның ішінде прокуратура, полиция департаменті және өзге де мүдделі мекемелердің қызметкерлері қатысты.
Кездесу барысында кәсіпкерлерге азаматтардың су айдындарында қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты талаптар мен қауіпсіздік шаралары жан-жақты түсіндірілді. Сонымен қатар, жедел-құтқару жасақтарының, өрт сөндіру бөлімдерінің және өзара іс-қимыл қызметтерінің төтенше жағдайларға әрекет етуге дайындығы пысықталды.
Қатысушылар тіркелмеген шағын көлемді су көліктерін пайдаланудың алдын алу, сондай-ақ қайықтар, катерлер мен гидроциклдерді басқару қағидаларының сақталуын қатаң бақылау мәселелеріне ерекше назар аударды. Бұдан бөлек, қонақ үйлерде, мейманханаларда, хостелдер мен пансионаттарда өрт қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтау мәселелері жан-жақты қаралды.
Мемлекеттік органдардың, құқық қорғау құрылымдарының және кәсіпкерлердің бірлескен жұмысы Алакөл жағалауында демалушылар үшін барынша қауіпсіз әрі қолайлы жағдай жасауға бағытталған.



