
Қалдығайты ауылында дәстүрге айналған түлектер тартуы биыл да жалғасын тауып, ауылдың көркеюіне үлес қосуды азаматтық парыз санаған 2006 жылы мектеп тәмамдаған түлектер туған өлкесіне заманауи волейбол алаңын тарту етті.
Құны 9 миллион теңгені құрайтын нысан толықтай заман талабына сай жабдықталып, ауыл жастарының спортпен тұрақты айналысуына мүмкіндік жасап отыр. Жаңа алаңда волейбол ойнауға барлық жағдай қарастырылған.
Нысанның ашылуына орай түлектер өмірден өткен құрдастары Мейрам Жәйліұлы мен Серікқали Ғалиұлын еске алуға арналған волейболдан аудандық турнир ұйымдастырылды. Дүбірлі додаға ауданның әр өңірінен келген 7 команда қатысып, тартысты ойын өрнегін көрсетті.
Нысанның ашылу салтанатында сөз алған аудан әкімінің орынбасары Ғабит Ғазиев түлектердің игі бастамасына жоғары бағасын берді.
– Туған жерге туыңды тік деген халқымыздың нақылы осындайда айтылса керек. Бүгінгі 2006 жылғы түлектердің елге жасап отырған тартуы – көпке үлгі болатын іс. Бұл тек спорт алаңы ғана емес, ауыл жастарының болашағына жасалған қамқорлық. Осындай ауызбіршіліктің арқасында ауылымыз көркейіп, дамып келеді, – деді ол.
Сондай-ақ, ауыл әкімі Асыланбек Бисембиев те тұрғындарды жаңа нысанның ашылуымен құттықтап, туған жерге жанашырлық танытқан азаматтарға ризашылығын білдірді.
Ал игі бастаманың ұйытқысы болған 2006 жылғы түлектер атынан сөз сөйлеген Қайырбек Мерғалиев бұл істің барлығы туған ауылға деген құрметтен туғанын жеткізді.
– Біз үшін Қалдығайты – алтын бесігіміз. Осы ауылда өсіп, білім алып, азамат болып қалыптастық. Сондықтан туған жерге аз да болса пайдамыз тисін деген ниетпен осы волейбол алаңын салып беруді қолға алдық. Бұл – барша сыныптастарымыздың ортақ еңбегі, – деді ол.
Турнир қорытындысында І орынды Жусандыой командасы жеңіп алса, ІІ орын Аққозы командасына бұйырды. Ал ІІІ орынды Саралжын командасы иеленді. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер арнайы марапатталып, бағалы сыйлықтар табысталды.
Бұл игі іс – туған жерге деген сүйіспеншілік пен азаматтық жауапкершіліктің жарқын көрінісі. Ауыл тұрғындары түлектерге алғыстарын білдіріп, мұндай бастамалардың кейінгі буынға өнеге екенін ерекше атап өтті.



