
Халықтың әлеуметтік осал санаттары арасында кәсіпкерлік бастамаларды қолдау мақсатында 2026 жылғы 24 маусым мен 8 шілде аралығында Business.enbek.kz порталында жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік гранттарды алуға өтінім қабылдау жүргізіледі.
Грант мөлшері 400 айлық есептік көрсеткішті немесе 1730 000 теңгені құрайды. Мемлекеттік қолдау қайтарымсыз негізде көрсетіліп, кәсіпкерлікті дамытуға, жаңа табыс көздерін қалыптастыруға және жаңа жұмыс орындарын құруға бағытталған.
Конкурсқа жұмыссыз ретінде тіркелген азаматтар, сондай-ақ мемлекеттік тіркеуден өткеніне бір жылдан аспаған жеке кәсіпкерлер қатыса алады. Бұл ретте үміткерлер келесі әлеуметтік санаттардың біріне жатуы тиіс: мүгедектігі бар адамдар; қолданыстағы «қандас» мәртебесі бар азаматтар; өңіраралық қоныс аударушылар; мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алушылар; көпбалалы отбасыларға берілетін мемлекеттік жәрдемақыны алушылар және (немесе) олардың жұбайлары; мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған тұлғалар және (немесе) олардың жұбайлары; асыраушысынан айырылу бойынша жәрдемақы алушылар. Толық ақпаратты жергілікті мансап орталықтарынан біле аласыздар.



