
Женева, 2026 жылғы 11 маусым – Женевада Қазақстан Республикасының Дүниежүзілік сауда ұйымы (ДСҰ) жанындағы Тұрақты өкілдігі мен Қазақстан Республикасының Швейцария Конфедерациясындағы Елшілігінің қолдауымен Commodity Trading Club ұйымдастырған алғашқы Kazakhstan Commodity Forum халықаралық іскерлік алаңы өтті.
Форумға әлемдегі жетекші трейдингтік компаниялардың басшылары, қаржы секторының өкілдері, халықаралық ұйымдар, дипломатиялық корпус және Қазақстанның ұлттық компаниялары қатысқан 200-ден астам делегат жиналды.
Іс-шараны Қазақстан Республикасының ДСҰ жанындағы Тұрақты өкілі Қайрат Төребаев, Қазақстан Республикасының Швейцария Конфедерациясындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Қайрат Саржанов, Commodity Trading Club Президенті Жюльен Арбас және Женева сауда-өнеркәсіп палатасының (CCIG) Бас директоры, Швейцария Сауда-өнеркәсіп палатасының Президенті Венсан Субилия ашты.
Өз сөздерінде қатысушылар Қазақстанның әлемдік шикізат нарықтарындағы маңызды ойыншылардың бірі, Еуразиядағы стратегиялық көлік-логистикалық торап және халықаралық бизнес үшін сенімді серіктес ретіндегі рөлінің артып келе жатқанын атап өтті.
Форум жұмысына Cargill, Bunge, Louis Dreyfus Company (LDC), ADM, COFCO, Ameropa, Gunvor Group, Trafigura, Mercuria, Olam, Phillips 66, SOCAR Trading, ING Bank, Goldman Sachs, Arab Bank, Bank of China, MSC, FIATA, SGS, SUISSENÉGOCE, CCIG және шикізат саудасы, логистика мен қаржыландыру салаларындағы жаһандық күн тәртібін қалыптастыратын басқа да жетекші компаниялар мен ұйымдардың өкілдері қатысты.
Қазақстан тарапынан «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ, «Qazaqstan Investment Corporation» АҚ, «Азық-түлік келісім-шарт корпорациясы» ҰК» АҚ, сондай-ақ салалық бизнес қауымдастықтар мен мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты.
Форум барысында Қазақстанның Орталық Азиядағы ең ірі экономика екендігі, өңірдің жиынтық жалпы ішкі өнімінің шамамен 60%-ын қамтамасыз ететіні және Орталық Азия елдері арасында тікелей шетелдік инвестициялардың ең көп көлемін тартатыны атап өтілді.
Қазақстан әлемдік шикізат нарықтарында жетекші орынға ие. Ел әлемдік уран өндірісінің шамамен 40%-ын қамтамасыз етеді, мұнайдың, мыстың, ферроқорытпалардың, астықтың, ұнның және алтынның ірі экспорттаушысы болып табылады, сондай-ақ энергетикалық ауысу мен жоғары технологиялық өндірістер үшін маңызды стратегиялық минералдардың елеулі қорына ие.
2025 жылы Қазақстанның сыртқы сауда айналымы 144 млрд АҚШ долларына жуықтады, ал шикізаттық емес экспорт көлемі 40 млрд АҚШ долларынан асты. Бұл ел экономикасының тұрақты әртараптандырылып жатқанын және экспорттық әлеуетінің кеңейіп келе жатқанын көрсетеді.
Форум қатысушылары Транскаспий халықаралық көлік бағытын (Орта дәлізді) дамыту мәселесіне ерекше назар аударды. Аталған бағыт Еуропа мен Азия арасындағы жүк тасымалының негізгі арналарының біріне айналып, Қазақстанның Еуразиядағы маңызды транзиттік-логистикалық хаб ретіндегі рөлін нығайтуда.
Kazakhstan Commodity Forum халықаралық бизнес қауымдастығының Қазақстан мен Орталық Азияға сауда, инвестиция және жаңа логистикалық бағыттарды дамыту тұрғысынан жоғары қызығушылық танытып отырғанын тағы бір мәрте растады.
Форум мемлекеттік органдар, ұлттық компаниялар, халықаралық трейдерлер, қаржы институттары мен логистикалық операторлар арасындағы тікелей диалог алаңына айналып, жаңа жобаларды іске қосу мен ұзақ мерзімді әріптестіктерді қалыптастыруға мүмкіндік берді.
Қазақстан Республикасының ДСҰ жанындағы Тұрақты өкіл Қ. Төребаев атап өткендей:
«Бүгінгі Қазақстан тарихы – бұл тек табиғи ресурстар тарихы ғана емес. Бұл – өзара байланыс, инвестициялар және жаңа мүмкіндіктер тарихы. Қазақстан Еуропа мен Азия арасындағы маңызды байланыстырушы буынға айналып келеді, ал Орта дәліз Еуразиядағы сауданың жаңа архитектурасын қалыптастыратын стратегиялық маршрут болып отыр. Болашаққа бағдарланған бизнес үшін Қазақстан шикізат секторынан бастап логистикаға, қаржыға және өнеркәсіптік кооперацияға дейінгі барлық құн тізбегі бойынша кең мүмкіндіктер ұсынады».
Ол сондай-ақ: «Kazakhstan Commodity Forum протокол үшін емес, практикалық диалог пен нақты бизнес нәтижелеріне қол жеткізу үшін ұйымдастырылды. Бүгінгі кездесудің басты нәтижесі жаңа инвестициялар, сауда келісімшарттары және ұзақ мерзімді әріптестіктер болады деп сенеміз», – деп атап өтті.
Алғашқы Kazakhstan Commodity Forum Женева қаласының әлемдік шикізат саудасының орталығы ретіндегі әлеуетін тағы бір мәрте көрсетті және Қазақстанмен экономикалық ынтымақтастықты дамытуға үлкен мүмкіндіктер бар екенін дәлелдеді.



