
ШҚО-да «Таза Қазақстан» акциясы аясында жыл басынан бері 4,4 мыңнан астам құқық бұзушылық анықталды
Шығыс Қазақстан облысында аймақтың тазалығы мен тәртібін сақтауға, абаттандыру қағидаларын бұзудың алдын алуға және қоршаған ортаны ластау фактілеріне тосқауыл қоюға бағытталған республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы жалғасуда.
2026 жылдың басынан бері полиция қызметкерлері облыс аумағында 4 483 әкімшілік құқық бұзушылықты анықтады, оның ішінде 3 671-і абаттандыру қағидаларын бұзуға, ал 812-сі қоғамдық орындарды ластауға байланысты. Барлық кінәлі тұлғалар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жауапкершілікке тартылды.
Рұқсат етілмеген қоқыс үйінділерін анықтау мен жоюға ерекше көңіл бөлінуде. Жыл басынан бері облыс аумағында рұқсат етілмеген 98 қоқыс үйіндісі анықталып, оның 76-сы қазірдің өзінде жойылды. Бұл бағыттағы жұмыстар жергілікті атқарушы органдармен бірлесе отырып, жалғасуда.
Бейнебақылау жүйелері құқық бұзушылықтарды анықтауда тиімді құрал болып қала береді. Көшедегі камералардың көмегімен аумақтарды ластау және абаттандыру қағидаларын бұзу фактілері дер кезінде анықталып, тиісті шаралар қолданылуда. Бұл өз кезегінде азаматтардың қоршаған ортаның тазалығына деген жауапкершілігін арттырады.
Атқарылып жатқан жұмыстар тек құқық бұзушылықтарды анықтаумен ғана шектелмейді. Ол азаматтардың қоршаған ортаға ұқыпты қарауын қалыптастыруға, елді мекендердің тазалығын сақтауға және аймақ тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған.
Шығыс Қазақстан облысының Полиция департаменті өңір тұрғындарын абаттандыру қағидаларын сақтауға, табиғатты аялауға және елді мекендердің тазалығын қолдауға шақырады. Тек ортақ күш-жігермен ғана біз экологиялық ахуалды сақтап, туған өлкемізді таза, жайлы әрі қауіпсіз ете аламыз.
ШҚО ПД баспасөз қызметі



