
2026 жылғы 11 маусымда Павлодар қаласы Полиция басқармасында Павлодар облысы бойынша Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің өкілі И.В. Тарасенконың және Ұлттық превентивтік механизмнің өңірлік тобының жетекшісі, Үйлестіру кеңесінің мүшесі С.Н. Молчановтың Полиция басқармасының қызметкерлерімен кездесуі өтті.
Кездесу барысында құқық қорғау органдары қызметіндегі адам құқықтарын қамтамасыз ету және қорғау мәселелері талқыланды.
Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің өкілі Омбудсмен институтының қызметі, азаматтардың өтініштерін қарау тетіктері мен мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жасау тәртібі, сондай-ақ азаптаулар мен өзге де қатыгез қарым-қатынас түрлеріне жол бермеу мәселелері туралы баяндады.
Ұлттық превентивтік механизмнің өңірлік тобының жетекшісі қатысушыларды бас бостандығынан айыру орындарында азаптаулар мен өзге де қатыгез қарым-қатынас түрлерінің алдын алуға бағытталған ҰПМ қызметімен таныстырды. Ішкі істер органдарының арнаулы мекемелерінде ұсталатын азаматтардың құқықтарын сақтау, сондай-ақ қызметтік қызмет барысында адам құқықтарының бұзылуының алдын алу мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Ашық диалог форматында полиция қызметкерлері өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, адам құқықтары саласындағы ұлттық және халықаралық заңнаманы қолданудың практикалық аспектілерін талқылады.



