
4 маусым күні Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күні атап өтіледі. Бұл мереке егемендік пен ұлттық бірліктің, елге деген сүйіспеншілік пен отансүйгіштіктің жарқын белгісі болып табылады. Мемлекеттік Ту, Елтаңба және Әнұран – халқымыздың тарихын, мәдениетін және рухани құндылықтарын бейнелейтін тәуелсіз мемлекеттің басты нышандары.
Осы күні Мемлекеттік рәміздер стеласы алаңына аудан тұрғындары, мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері, қоғам өкілдері мен жастар жиналды. Салтанатты шара Қазақстан Республикасының басты мемлекеттік рәміздері – Мемлекеттік Ту мен Елтаңбаны алып келуден басталды. Бейбіт аспан астында желбіреген көк Ту еркіндіктің, халық бірлігі мен жарқын болашаққа деген ұмтылыстың символына айналды.
Мерекелік жиында аудан әкімі Рүстем Мұқашұлы Елубаев құттықтау сөз сөйледі. Ол мемлекеттік рәміздердің тәуелсіз Қазақстанның қасиетті құндылықтары екенін атап өтіп, олардың отансүйгіштік сезімді, азаматтық жауапкершілікті және туған елге деген құрметті нығайтудағы маңызын ерекше айтты. Аудан басшысы Конституция қағидаттарына, заңға, бірлік пен келісімге адал болудың елдің тұрақты дамуы мен өркендеуінің негізі екенін жеткізді.
Шараның жалғасы ретінде мемлекеттік қызметшінің ант қабылдау рәсімі өтті. Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жаңадан тағайындалған мемлекеттік қызметшілер халық пен мемлекетке адал қызмет етуге ант берді. Салтанатты рәсім аудан әкімдігі аппаратының персоналды басқару қызметінің құрылымдық бөлімше басшысы Р.Қ. Беденованың
жетекшілігімен ұйымдастырылды. Ант қабылдаушылардың әрқайсысы ант мәтінін дауыстап оқып, өз міндеттерін адал атқаруға дайын екендіктерін растады.
Салтанатты жиын соңында Рүстем Мұқашұлы мемлекеттік қызметшілерді кәсіби өмірлеріндегі маңызды оқиғамен құттықтап, ел игілігі мен аудан тұрғындарының әл-ауқаты жолындағы қызметтеріне табыс тіледі. Мерекелік шара мемлекеттік рәміздерге деген құрметтің және қоғамдағы патриоттық құндылықтардың нығаюының жарқын көрінісі болды



