
Гендерлік теңдік құқықтық мемлекеттің негізгі қағидаттарының бірі және қоғамның тұрақты дамуының маңызды шарты болып табылады. Ол қоғамдық өмірдің барлық салаларында – білім беру, еңбекпен қамту, мемлекеттік шешімдер қабылдауға қатысу және басқа да бағыттарда әйелдер мен ерлердің тең құқықтарын, бостандықтарын, мүмкіндіктері мен жауапкершілігін білдіреді.
Бүгінде тең мүмкіндіктерді қамтамасыз ету тек адам құқықтарын сақтау мәселесі ғана емес, сонымен қатар әлеуметтік-экономикалық дамудың маңызды факторы ретінде қарастырылады. Халықаралық ұйымдардың зерттеулері әйелдердің экономика мен қоғамдық өмірге белсенді қатысуы халықтың әл-ауқатын арттыруға, отбасы институтын нығайтуға және адами капиталды дамытуға ықпал ететінін көрсетеді.
Қазақстанда әйелдердің мүмкіндіктерін кеңейтуге, әйелдер кәсіпкерлігін қолдауға, олардың мемлекеттік басқаруға қатысу деңгейін арттыруға және кемсітушіліктен қорғауға бағытталған шаралар жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Сонымен қатар, адамның әлеуетін жынысына байланысты шектейтін қалыптасқан стереотиптерді жою маңызды міндеттердің бірі болып қала береді.
Өзара құрметке, серіктестікке және тең мүмкіндіктерге негізделген мәдениет отбасында қалыптасып, білім беру ұйымдары мен еңбек ұжымдарында жалғасын табады. Тек теңдік қағидаттары толық сақталған жағдайда ғана әрбір адам өз қабілеттерін жынысына қарамастан жүзеге асыра алатын әділетті қоғам құруға болады.



