Алматы прокуратурасы 2 мыңнан астам кәсіпкердің құқығын қорғады

    prokuratura-almaty·

    Алматы қаласының прокуратурасы сыртқы (көрнекі) жарнаманы орналастыру саласындағы заңдылықтың жай-күйіне талдау жүргізу барысында қалалық Сәулет және қала құрылысы басқармасы тарапынан кәсіпкерлік субъектілеріне негізсіз ауыртпалық әкелген жүйелі заң бұзушылықтарды анықтады.

    Басқарманың лауазымды тұлғалары кәсіпкерлердің хабарламаларын қараудың заңнамада көзделген мерзімдерін жүйелі түрде бұзып, белгіленген 4 жұмыс күнінің орнына жауаптарды 6-15 жұмыс күнінде жіберіп отырғаны анықталды.

    Кейіннен Басқарма мемлекеттік кірістер органдарының алдында бизнес субъектілеріне жарнаманы «хабарламасыз» орналастырғаны үшін салықтың екі еселенген мөлшерлемесін қолдану туралы заңсыз бастама көтерген.

    Бул тәжірибе 2 331 жарнама таратушыға қатысты болды, ал заңсыз есептелген төлемдердің жалпы сомасы 1,2 миллиард теңгеден асты.

    Кәсіпкерлердің бұзылған құқықтарын қалпына келтіру мақсатында уәкілетті органдардың мекенжайына прокурорлық қадағалау актісі енгізілді. Оны қарау нәтижесі бойынша бизнес субъектілерінің дербес шоттарындағы заңсыз есептелген сомалар азайтылды.

    Кәсіпкерлік қызметке заңсыз араласқаны үшін Басқарма басшысының орынбасары әкімшілік жауаптылыққа тартылып, өз кінәсін мойындап, тағайындалған айыппұлды толық көлемде төледі.

    Бизнесті мемлекеттік органдардың заңсыз әрекеттерінен қорғау Алматы қаласы прокуратурасы қызметінің басым бағыттарының бірі болып қала береді.

    Алматы қаласының прокуратурасы

    Дереккөз

    Ұқсас материалдар

    gov.5n.kz

    Ашық деректер мен ресми дереккөздердің жарияланымдарын талдаймыз. Материалдар жылдам іздеу және мониторинг үшін бір лентаға жиналған.

    © 2026 gov.5n.kz. Мемлекет туралы ақпараттық-талдамалық портал.