
28 мамыр күні «АMANAT» партиясы аудандық филиалының ғимаратында тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыруға және тегін заңгерлік көмек көрсетуге бағытталған дәстүрлі «Халық заңгері» республикалық акциясы өтті.
Іс-шараға аудан әкімінің орынбасарлары Қ.Н. Шакыбаев пен Н.Қ. Әлин, аға прокурор Е.М. Айтқұлов, «АMANAT» партиясы аудандық филиалының атқарушы хатшысы Е.С. Қайыржанов, пробация қызметінің, төтенше жағдайлар бөлімінің өкілдері және өзге де мемлекеттік органдардың мамандары қатысты.
Акция барысында аудан тұрғындары өздерін толғандырған мәселелер бойынша мамандардан кеңес алып, құқықтық түсіндіру жұмыстарымен қамтылды. Көтерілген негізгі мәселелердің қатарында елді мекендерді абаттандыру, жер қатынастары, тұрғын үй кезегіне қою, әлеуметтік қолдау шаралары және азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға қатысты өзге де сұрақтар болды. Сонымен қатар пробациялық бақылауда тұрған азаматтардың өтініштеріне ерекше назар аударылып, оларға құқықтық және әлеуметтік бағыттағы қажетті түсіндірулер берілді.
Ашық диалог форматында өткен кездесу әрбір қатысушыға мемлекеттік органдар мен құзырлы қызмет өкілдерінен тікелей жауап алуға мүмкіндік берді. Мұндай іс-шаралар халық пен билік арасындағы өзара сенімді нығайтып, азаматтардың құқықтық мәдениетін арттыруға және туындаған мәселелерді жедел шешуге ықпал етеді.



